ОСК-ның мәліметінше, бүгін 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына қатысу үшін «Respublica» партиясы» қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімін тіркеу мәселесі қаралды.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров бұған дейін жеті саяси партия ОСК-ға қажетті құжаттарды тапсырғанын еске салды. Орталық сайлау комиссиясының сұрауы негізінде уәкілетті мемлекеттік органдар партиялық тізімге енгізілген кандидаттардың Конституция мен «Сайлау туралы» Конституциялық заң талаптарына сәйкестігін тексерген.
«Биылғы 7 шілдеде Respublica партиясы Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысу үшін партиялық тізімін Орталық сайлау комиссиясына тапсырды. Заңнамаға сәйкес ОСК барлық қажетті рәсімдерді өткізді. Сонымен қатар саяси партиялардың партиялық тізімдерін тіркеу де ОСК құзыретіне кіреді», – деді Нұрлан Әбдіров.
ОСК хатшысы Шавхат Өтемісовтің айтуынша, бастапқыда партия 76 адамнан тұратын тізімді ұсынған. Кейін кандидат Темірғалиева Сания Бақытжанқызының өз еркімен партиялық тізімнен шығаруды сұраған өтініші келіп түскен.
«Өтініш 2026 жылғы 11 шілдеде түсті. «Сайлау туралы» Конституциялық заңның 90-бабының 1-тармағына сәйкес Орталық сайлау комиссиясы өз құзыреті шегінде Темірғалиева Сания Бақытжанқызын партиялық тізімнен шығару туралы тиісті шешім жобасын дайындады. Соған байланысты партиялық тізімде қазір 75 адам қалды. Оның ішінде 38 кандидат – әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар. Бұл жалпы тізімнің 50,7%-ын құрайды. Заңда белгіленген квота сақталған. Партиялық тізімге енгізілген барлық кандидат Конституция мен «Сайлау туралы» Конституциялық заң талаптарына сәйкес келеді», – деді Шавхат Өтемісов.
Сондай-ақ ОСК хатшысы VIII сайланған Мәжіліс депутаттарының сайлауында Respublica партиясы 8,59% дауыс жинағандықтан, партия сайлау жарнасын төлеуден босатылатынын айтты.





