Ведомство мәліметінше, қаскөйлер мемлекеттік органдардың, компаниялар мен ұйымдардың басшыларының атын жамылып, қызметкерлерден шұғыл түрде ақша аударуды талап ететін жағдайлар жиілеген.
ІІМ таратқан ақпаратқа сәйкес, алаяқтар өздерін ұйым жетекшісі немесе басқа да лауазымды тұлға ретінде таныстырып, шынайы басшылардың фотосуреттерін, аты-жөнін және өзге де деректерін пайдаланады. Осы арқылы олар азаматтардың сеніміне кіруге тырысады.
Қаскөйлер көбіне қызметкерлерге Telegram арқылы хабарлама жіберіп, белгілі бір шотқа шұғыл ақша аударуды, қызмет ақысын төлеуді, тауар үшін қаражат жіберуді немесе өзге де қаржылық операцияларды орындауды талап етеді.
Мұндай хабарламалардың негізгі нысанасына бухгалтерлер, қаржы бөлімдерінің қызметкерлері және ұйым қаражатына қол жеткізе алатын басқа да жауапты мамандар айналып отыр.
Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі азаматтарға күмәнді хабарламаларға сенбеуге және бірнеше қарапайым қауіпсіздік шарасын сақтауға кеңес береді.
Атап айтқанда, ведомство:
- күмәнді хабарлама алған жағдайда ешқандай ақша аудармауға және қаржылық операциялар жасамауға;
- ақпараттың рас-өтірігін басшымен телефон арқылы немесе жеке сөйлесу арқылы міндетті түрде нақтылауға;
- хабарлама жіберушінің телефон нөмірін, аккаунтын және мәтінін мұқият тексеруге;
- қандай да бір күмән туындаған жағдайда хат алмасуды дереу тоқтатып, болған жағдай туралы ұйым басшылығына және жауапты қызметкерлерге хабарлауға шақырады.
ІІМ мұндай алаяқтық схемалары азаматтардың сеніміне негізделетінін атап өтіп, кез келген қаржылық тапсырманы орындамас бұрын оның шынайылығын бірнеше арна арқылы тексерудің маңыздылығына назар аударды.
«Қырағылық таныту қаржыңызды сақтап, алаяқтықтың алдын алуға көмектеседі», – деп мәлімдеді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.





