Министрлік мәліметінше, талапкерлер құжаттарын жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары арқылы офлайн түрде, виртуалды қабылдау комиссиялары арқылы онлайн немесе eGov порталы арқылы электронды форматта тапсыра алады.
Қандай құжаттар қажет?
Білім гранты конкурсына қатысу үшін талапкерлер келесі құжаттарды ұсынуы тиіс:
- жеке куәлік;
- Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) сертификаты;
- 3×4 көлеміндегі фотосурет;
- орта білім туралы аттестат немесе техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының түлектері үшін диплом.
Егер талапкер жеңілдетілген санат бойынша конкурсқа қатысатын болса, оны растайтын құжаттарды да қоса тапсыруы қажет.
Грант конкурсына қойылатын шекті баллдар
Министрлік грант конкурсына қатысу және ақылы бөлімге түсу үшін белгіленген ең төменгі шекті баллдарды жариялады.
Атап айтқанда:
- «Педагогикалық ғылымдар» және «Құқық» бағыттары бойынша – кемінде 75 балл;
- «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша – 70 балл;
- «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», сондай-ақ «Ветеринария» бағыттары бойынша – 50 балл;
- ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін – 65 балл;
- басқа жоғары оқу орындарына түсу үшін – 50 балл.
Сонымен қатар жоғары оқу орындары заңнамаға сәйкес ақылы бөлімге қабылдау және білім гранты конкурсына қатысу үшін өздерінің қосымша шекті балдарын белгілеуге құқылы.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, биылғы қабылдау науқаны барысында ауылдық жерлерден шыққан талапкерлер мен әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарды қолдауға ерекше көңіл бөлінеді.
Осы мақсатта мемлекет бекіткен арнайы квоталар арқылы талапкерлердің білім гранттарын иелену мүмкіндігі қарастырылған.
Министрлік талапкерлерге құжаттарды белгіленген мерзімде тапсырып, қажетті құжаттардың толықтығына алдын ала назар аударуға кеңес береді. Білім гранттарын тағайындау конкурсының қорытындысы құжат қабылдау аяқталғаннан кейін қолданыстағы тәртіпке сәйкес жарияланады.





