Шалкөде жайлауында ұйымдастырылған ауқымды мерекелік шара ұлттық мәдениетті, тарихи мұраны және қазақ халқының дәстүрін дәріптеген үлкен рухани басқосуға айналды.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, фестиваль аясында 150-ге жуық ақшаңқан киіз үй тігіліп, қолөнер, этнодизайн, бейнелеу өнері, ұлттық тағамдар мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмелері ұйымдастырылды. Өз туындыларын қазақстандық шеберлермен қатар Қытай, Түркия, Ресей, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Беларусь, Армения, Өзбекстан және Грузиядан келген қолөнершілер де көпшілік назарына ұсынды.
Сонымен қатар ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтіп, еліміздің әр өңірінен келген спортшылар өзара бақ сынауда. Мәдени-көпшілік іс-шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен және шет мемлекеттерден келген мыңдаған қонақ қатысып, Тәңіртау төріндегі мерекенің куәсі болды.
Фестиваль барысында ауданның тарихи қалыптасу жолы, әлеуметтік-экономикалық жетістіктері мен рухани құндылықтары кеңінен насихатталды. Арнайы көрмелерде ел қорғаған Райымбек батырдың ерлігі, сондай-ақ осы қасиетті өлкеден шыққан көрнекті тұлғалардың өмірі мен шығармашылығы таныстырылды.
Олардың қатарында балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаев, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев, ақын Еркін Ібітанов, сыншы Сағат Әшімбаев, мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбаев, айтыс өнерінің жарық жұлдызы Оразалы Досбосынов сынды қазақ руханиятының көрнекті өкілдері бар.
Көпшіліктің ерекше ықыласына бөленген көріністердің бірі – қазақ көшпелі мәдениетін бейнелейтін «Қарқаралы» жайлау көші болды. Сән-салтанаты келіскен көш арқылы қонақтарға халқымыздың тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі мен ұлттық дүниетанымы таныстырылды. Шетелден келген этноөнер шеберлерінің шеруі де фестивальдің көркін аша түсті.
Салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев қатысып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізді.
Президент құттықтауында Райымбек ауданының тарихы терең, бірлігі бекем өңір екені атап өтіліп, аудан халқының ауыл шаруашылығы, туризм және өзге де салалардағы еңбегі жоғары бағаланды.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы аудан тұрғындарының ел дамуына бағытталған бастамаларды әрдайым қолдап келе жатқанын атап өтіп, өңірдің өркендеуіне үлес қосқан азаматтарға ризашылығын білдірді.
«Райымбек – ел руханиятының алтын арқауы»
Фестивальде сөз сөйлеген Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Нарынқол өңірі қазақ халқының тарихи жады мен рухани мұрасының ажырамас бөлігі екенін айтты.
«Бұл – Райымбек батырдың, Ұзақ пен Жәмеңкенің ерлігі өрілген қасиетті мекен. Осы топырақтан қазақ әдебиеті мен мәдениетінің алып тұлғалары өсіп шықты. Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығының ЮНЕСКО аясында аталып өтуі – осы өңірден шыққан тұлғалардың халықаралық деңгейде мойындалғанының дәлелі. Мұқағали Мақатаевтың поэзиясы – халқымыздың рухани қазынасы. Ал Сағат Әшімбаев, Баққожа Мұқай, Еркін Ібітанов пен Оразалы Досбосынов қазақ руханиятының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Осындай ұлы тұлғаларды тәрбиелеген Райымбек ауданы әрдайым ел руханиятының алтын арқауы болып қала береді», – деді облыс әкімі.
Өңір басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шекаралық және ауылдық аймақтарды дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын айтып, осы бағытта Райымбек ауданында жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.
Әкімнің айтуынша, аудан өзінің аграрлық әлеуеті арқылы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып келеді. Әсіресе картоп шаруашылығы, дәнді дақыл өндірісі мен мал шаруашылығы аудан экономикасының негізгі драйверіне айналған.
Сонымен қатар өңірдің туристік әлеуеті де жоғары бағаланды.
«Хантәңірі шыңы, Тұзкөл, Тастау көлдері мен Шалкөде жайлауы – Қазақстандағы ең көркем табиғи орындардың бірі. Бұл аумақтар этнотуризмді, экологиялық туризмді, альпинизм мен треккинг бағыттарын дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Болашақта осы табиғи әлеует аудан экономикасының негізгі қозғаушы күшіне айналуы тиіс», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Райымбек ауданының 90 жылдығына арналған мерекелік шаралар үш күнге жалғасты.
Мерейтой аясында Қарасаз ауылында «Құлмамбеттің құлынын құндақтаған өлке» атты айтыскер ақын Оразалы Досбосыновты еске алуға арналған ІІ республикалық оқушылар айтысы ұйымдастырылды.
Нарынқол ауылында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған ғылыми-танымдық конференция өтті. Ал аудан орталығында Қазақстанның танымал өнер жұлдыздарының қатысуымен үлкен гала-концерт ұйымдастырылды.
Мерекелік бағдарламаның қорытындысы Шалкөде жайлауында «Жолан жүйрігі» республикалық ат бәйгесімен және ұлттық спорт түрлерінен өтетін жарыстармен жалғасады. Сонымен бірге «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында экологиялық сенбілік өткізу жоспарланған.
«Хантәңірі қазынасы» этнофестивалі Райымбек өңірінің бай тарихи мұрасын, ұлттық мәдениетін және туристік әлеуетін кеңінен танытып қана қоймай, қазақ халқының рухани құндылықтарын ұлықтайтын халықаралық деңгейдегі маңызды мәдени оқиғаға айналды.





