Биылғы ауысымға Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан, Түрікменстан, Түркия, Ауғанстан, Иран, Тәжікстан және Еуропа елдерінен 288 бала қатысты.

Құрылтай Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен және Тимур Құлыбаевтың «Халық» қайырымдылық қорының қолдауымен өтті.
«Атамекен» құрылтайының басты мақсаты – шетелде өсіп келе жатқан қазақ балаларының тарихи Отанымен байланысын нығайту. Олар Қазақстанды жақыннан танып, ана тілін, ұлттық дәстүрді, қазақ халқының мәдениеті мен рухани құндылықтарын тереңірек сезінеді. Бұл – ата жұртқа деген сағыныш пен ұлттық рухты тоғыстырған ерекше жоба. Мұнда әр бала өзінің қазақы болмысын тануға, жаңа дос табуға, елге деген сүйіспеншілігін арттыруға мүмкіндік алады.

Қазақ ДНҚ-сы неден тұрады?
Биылғы ауысымның «Атамекен: қазақ ДНҚ-сын ашу» деп аталуы бекер емес. Қазақтың ДНҚ-сы – тек қан мен тек ұғымы емес. Ол – ана тілінде, домбыраның үнінде, ұлттық әнде, салт-дәстүрде, үлкенге құрмет пен кішіге ізетте, туған жерге деген махаббатта жатыр. Сондықтан құрылтай бағдарламасы балалардың ұлттық санасын қалыптастырып қана қоймай, олардың шығармашылық, зияткерлік және көшбасшылық қабілетін дамытуға бағытталған.
Екі аптаға созылатын құрылтайда балаларды мазмұнды бағдарлама күтеді. Олар танысу ойындарына, шығармашылық байқауларға, ұлттық ән сайысына, спорттық жарыстарға, достық фестивалі мен танымдық іс-шараларға қатысады. Сондай-ақ, «ATAMEKEN DNA», «Елдер мен мәдениеттер палитрасы», «Бір әуен – бір халық», «Жүректе қалған Балдәурен» сынды жобалар балалардың ұлттық рухын оятуға мүмкіндік береді.
Қай елден қанша бала келді?
Биылғы құрылтайға Моңғолиядан – 70, Қытайдан – 60, Өзбекстаннан – 50, Ресейден – 45, Қырғызстаннан – 35, Түрікменстаннан – 15, Түркиядан – 4, Ауғанстаннан – 3, Ираннан – 3, Тәжікстаннан – 2, Еуропа елдерінен 1 бала қатысады. Барлығы – 288 бала.

Әлем қазақтарын жалғаған рухани көпір
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасарының айтуынша, «Атамекен» құрылтайы – шетелдегі қазақ балалары мен тарихи Отан арасын жалғайтын маңызды рухани көпір.
«Бұл жоба арқылы жас буын Қазақстанды жақынырақ танып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіреді. Әртүрлі елден келген балалар өзара достық қарым-қатынас орнатып, қазақ халқының мәдени мұрасын тереңірек тануға мүмкіндік алады. Мұндай бастамалар әлем қазақтарының бірлігін нығайтуға қызмет етеді», – деді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының кеңесшісі Қарлығаш Бекпатшақызы.
Halyk қайырымдылық қоры бірнеше жылдан бері Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығымен бірлесіп, шетелдегі этникалық қазақ балаларының тарихи Отанымен байланысын нығайтуға бағытталған жобаларға тұрақты қолдау көрсетіп келеді. Биылғы «Атамекен» құрылтайы да осы серіктестіктің жалғасы ретінде ұйымдастырылды. Ал Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі арнайы квота бөліп, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы балаларды іріктеу, құжаттарын рәсімдеу және бағдарламаны үйлестіру жұмыстарын жүзеге асырады.
«Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қоры Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығымен бірнеше жылдан бері тұрақты серіктестік орнатып келеді. Биылғы құрылтай – осы жүйелі қолдаудың нақты көрінісі. Шетелде тұратын әрбір қазақ баласы – ұлттың аманаты. Сондықтан біз олардың тарихи Отанымен байланысын нығайтып, ана тілі мен ұлттық мәдениетін сақтауға үлес қосуды маңызды санаймыз. Басты мақсатымыз – балалардың бұл сапардан жарқын әсер алып қана қоймай, өздерінің қазақы болмысын тереңірек сезініп қайтуына мүмкіндік жасау», – деді Halyk қайырымдылық қорының басқарушы директоры Нариман Бақтыбайұлы.
Айта кетейік, бұл жоба былтыр да шетелдегі қазақ балаларының басын тарихи Отанда қосқан еді. 2025 жылы Ақмола облысындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында өткен «Мен Qazaqпын» халықаралық балалар құрылтайына әлемнің жеті елінен 288 бала қатысып, Қазақстанның тарихы, мәдениеті және салт-дәстүрімен жақын танысқан болатын.





