ОСК мәліметінше, Қазақстан азаматтары өздерінің тұрғылықты жері бойынша тиісті сайлау учаскесінде дауыс береді. Алайда дауыс беру күні болатын жерін ауыстыратын азаматтарға басқа сайлау учаскесінде дауыс беру мүмкіндігі қарастырылған.
Бұл үшін сайлаушы 2026 жылғы 7 тамыздан бастап, не дауыс беру күніне 15 күн қалғанда, тұрғылықты жері бойынша учаскелік сайлау комиссиясына жазбаша өтініш беріп, жеке басын куәландыратын құжатын көрсету арқылы дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін ала алады.
Есептен шығару куәліктерін беру 2026 жылғы 22 тамызда, яғни дауыс беру күнінің алдындағы күні, жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00-де тоқтатылады.
Орталық сайлау комиссиясы есептен шығару куәлігін сенімхат арқылы да алуға болатынын атап өтті. Бұл жағдайда сенімхатты нотариалды куәландыру талап етілмейді.
Сонымен қатар есептен шығару куәлігі жоғалған жағдайда ол қалпына келтірілмейді және оның телнұсқасы берілмейді.
Маңызды жайттардың бірі – мұндай куәлік бір елді мекеннің шегіндегі басқа сайлау учаскесінде дауыс бергісі келетін азаматтарға берілмейді. Яғни ол тек сайлаушының уақытша басқа жерде болуына байланысты беріледі.
Уақытша болатын жеріндегі сайлау учаскесіне келген сайлаушы жеке басын куәландыратын құжатын ұсынғаннан кейін учаскелік сайлау комиссиясы оны сайлаушылар тізіміне енгізіп, есептен шығару куәлігінің орнына дауыс беру бюллетенін береді.
Орталық сайлау комиссиясы азаматтарды сайлау процесіне белсенді қатысуға шақырып, «Жаңару үшін дауыс бер!» үндеуін жариялады.


