Жаңа нормалар 2026 жылғы 13 шілдеден бастап күшіне енеді.
Жаңартылған қағидаға сәйкес, патриоттық сезімді қалыптастыру, қазақстандық бірегейлікті нығайту және елдің жетістіктерін дәріптеу мақсатында жеке және заңды тұлғалар Мемлекеттік туды тұрғын және тұрғын емес ғимараттарға, соның ішінде балкондарға 45 градус бұрышпен орналастыра алады.
Сондай-ақ Мемлекеттік туды салтанатты іс-шаралар өтетін орындарда орнатуға да рұқсат етілген.
Алайда рәміз қандай көлемде дайындалса да, оның ұлттық стандарт талаптарына толық сәйкес болуы міндетті. Мемлекеттік туды белгіленген талаптарды бұза отырып пайдалануға немесе оны қорлайтын әрекеттерге жол берілмейді.
Мемлекеттік туды пайдаланудың жаңа талаптары
Қаулыда Мемлекеттік туды пайдалану кезінде сақталуы тиіс нақты талаптар белгіленген.
Атап айтқанда:
- жеке тұрғын үйлерге ту жерден кемінде 3 метр биіктікте ілінуі тиіс;
- тудың жерге, еденге, суға немесе басқа да беттерге тиіп тұруына жол берілмейді;
- тік орналастырылған жағдайда ұлттық өрнек матаның жоғарғы бөлігінде орналасуы қажет;
- мәдени, спорттық және қоғамдық іс-шараларда Мемлекеттік туды коммерциялық мақсатта пайдалануға болмайды;
- ту жыртылған, өңі кеткен, кірлеген, мыжылған немесе басқа да бүлінген күйде болмауы тиіс.
Сонымен қатар жеке және заңды тұлғалар өздеріне тиесілі автокөліктердің салонында Мемлекеттік туды мемлекеттік рәміздер туралы заң талаптарын сақтай отырып пайдалана алады.
Туға құрметсіздік танытуға қатаң тыйым салынады
Қаулыда Мемлекеттік рәміздердің мәртебесін төмендететін әрекеттерге ерекше назар аударылған.
Құжатқа сәйкес Мемлекеттік туды:
- қасақана бүлдіруге;
- өртеуге немесе жыртуға;
- жерге тастауға;
- мақсатсыз пайдалануға;
- мемлекеттік рәміз ретіндегі қадір-қасиетін түсіретін өзге де әрекеттер жасауға тыйым салынады.
Сондай-ақ Мемлекеттік туды жарнамалық мақсатта немесе киім-кешекке, төсек жабдықтарына, перделерге, дастарқанға, кілемшелерге және басқа да тұрмыстық бұйымдарға бейнелеуге болмайды.
Ал спортшылардың жарыс киімі мен арнайы спорттық жабдықтарында Мемлекеттік тудың бейнесін пайдалануға рұқсат сақталады.
Мемлекеттік рәміздерді орналастыру тәртібі өзгерді
Жаңартылған қағида мемлекеттік органдардың ресми интернет-ресурстарында және ақпараттық стендтерде мемлекеттік рәміздерді орналастырудың бірыңғай тәртібін де айқындайды.
Енді Президенттің, Парламенттің, Үкіметтің, мемлекеттік органдардың, соттардың, мәслихаттар мен әкімдіктердің ресми сайттарында мемлекеттік рәміздер мынадай ретпен орналастырылуы тиіс:
Мемлекеттік ту – Мемлекеттік елтаңба – Мемлекеттік әнұран.
Дәл осындай кезектілік мемлекеттік рәміздер бейнеленген стендтер мен плакаттарға да қолданылады.
Сонымен бірге мемлекеттік рәміздер орналасқан бұрыштар эстетикалық талаптарға сай рәсімделіп, шаруашылық бөлмелерінен, дәліздерден және киім ілетін орындардан алыс орналастырылуы қажет.
Ақпараттық стендтерді безендіру кезінде көк түсті фон қолданылып, барлық жазулар алтын түспен рәсімделуі тиіс.
Үкімет қаулысымен енгізілген жаңа талаптар мемлекеттік рәміздерді пайдалану мәдениетін жетілдіруге, олардың мәртебесін сақтауға және қоғамдағы патриоттық құндылықтарды нығайтуға бағытталған.
Құжатқа сәйкес, жаңартылған қағидалар 2026 жылғы 13 шілдеден бастап ресми түрде қолданысқа енгізіледі.





