«Осыдан 2-3 жыл бұрын ғана облыс бойынша үш ауысымда білім беретін 30 мектеп бар еді. Қазір оның саны екі есе артқан. Бұл туралы облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев те өз сөзінде айтып өтті. Аталған бағытта енді мектеп құрылысы басқаша жүргізіледі. Яғни, «Жайлы мектеп» жобасы аясында тек мектеп салып қана қоймай, ол жерде балалардың оқуына қолайлы жағдай жасалған ба, жоқ па? Сол мәселе де қарастырылатын болады», — деді министр.
Оның айтуынша, мысалы, дене шынықтыру сабағы спорт залда 2-3 сыныпты біріктіріп жүргізіледі. 1200 орындық мектепте 1 ғана спорт залы бар. Балалар ол жерде екі ауысымда оқитын болса, 2400 оқушыға 1 спорт зал жеткілікті ме? Жобаны жасауда осы сұрақ алға шықты.
«Жайлы мектеп» жобасында тек спорт залдарының ғана түйіні емес, асхана, арнайы пән кабинеттері мәселесі толық қамтылады. Және аталған ұлттық жоба бойынша салынған әр мектепте бастауыш сыныптары үшін бөлек блок болуы тиіс», — деп атап өтті өз сөзінде Асхат Аймағамбетов.
Оқу-ағарту министрінің сөзіне сүйенсек, жақында өткен кеңейтілген Үкімет отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа стандарттарға сай мектеп салуға тапсырма берді. Осы тапсырманы басшылыққа ала отырып, 2025 жылға қарай 1 миллион оқушы орнын беретін 1 мың мектеп салу жоспарланды.
«1 мың мектеп салу — жоғарыда айтқан жоба бойынша жүзеге асырылады. Жалпы, үш ауысымда балаларды оқыту — олардың қауіпсіздігіне, білім сапасына кері әсерін тигізеді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алдағы 3 жылда Алматы облысындағы оқу ордалары біртіндеп екі ауысымдыққа, одан бір ауысымды мектепке айналатын болады», — деп министр сөзін қорытындылады.
Айта кетейік, бұған дейін ҚР Оқу-ағарту министрі өзінің сұхбатында үш ауысымды мектеп және оқушы орнының жетіспеушілігі мәселесін шешпесек, 2026 жылға қарай 1 млн 200 мың оқушы орыны жетіспеушілігі болуы мүмкін деп айтқан еді.