«Ең алдымен баршаңызға медицина қызметкері күні құтты болсын деймін. Өткен жылы біз ардақты кәсіп иелері – медицина мамандарын алғаш рет Ақордаға шақырып, құрмет көрсеттік. Биыл да игі дәстүрге сай өздеріңізді осы жерде көргеніме өте ризамын.
Халқымыз «Бірінші байлық – денсаулық» деген тағылымды сөзге ерекше мән берген. Ұлт саулығы – еліміз үшін бәрінен қымбат құндылық. Сондықтан медицина саласын дамыту мемлекеттің стратегиялық міндеті саналады. Осы орайда, дәрігердің ел өміріндегі орны айрықша екені сөзсіз», деді Мемлекет басшысы.
Президент шын мәнінде, денсаулық сақтау саласында қоғам игілігі үшін адал қызмет етіп жүрген әр қызметкердің еңбегі ерен екенін атап өтті.
«Халқымыз сіздерді ең қадірлі мамандық иесі ретінде сыйлайды және құрметтейді. Түптеп келгенде, медицина мамандары еліміздің басты байлығы – азаматтарымыздың денсаулығын нығайтуға өлшеусіз үлес қосып келеді.
Мен Мемлекет басшысы ретінде осы салада табанды еңбек етіп жүрген барша қызметкерге шынайы ризашылығымды білдіремін», деді Президент.





