Арнайы ұйымдастырылған брифингке Алматы облысы Дін істері басқармасының басшысы Ерғали Көшеке, Алматы облысының бас имамы Мәдияр Пірімқұлов, Алматы облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Алтынай Райымбекова және ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Алматы облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Даурен Тойбаев қатысты.
Жиын барысында мамандар Құрбан айт мерекесі кезінде тұрғындарды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Олардың айтуынша, құрбандық шалу рәсімдері тек арнайы белгіленген орындарда өткізілуі тиіс. Санитариялық нормаларды сақтау, қоғамдық тәртіпті бұзбау және тазалық талаптарына ерекше мән беру қажеттігі айтылды.
«Құрбан айт – ізгілік пен мейірім мерекесі. Сондықтан тұрғындарды қауіпсіздік талаптарын сақтап, құрбандық шалу рәсімдерін арнайы орындарда өткізуге шақырамыз», – деді Мәдияр Пірімқұлов.
Брифинг барысында ветеринариялық бақылаудан өткен малды ғана пайдалану қажеттігі де көтерілді. Мамандар бұл талаптардың тұрғындардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аса маңызды екенін атап өтті.
«Тұрғындардың денсаулығы үшін санитариялық талаптарды сақтау өте маңызды. Мал өнімдері міндетті түрде ветеринариялық бақылаудан өтуі керек», – деді Алтынай Райымбекова.
Сондай-ақ мереке күндері қоғамдық тәртіпті сақтау және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету құқық қорғау органдары мен жауапты мекемелердің басты назарында болатыны айтылды.





