Мемлекеттік бағдарлама аясында қоғамдық көліктерді кезең-кезеңімен жаңарту, бағыттарды кеңейту бойынша нақты шаралар қабылдануда. Бұл өз кезегінде елді мекендердің қоғамдық көлікке қолжетімділігін арттырып, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға бағытталған.
Мәселен, Алатау қаласы мен Ұйғыр ауданында екі жаңа автобус бағыты ашылды. Соның нәтижесінде халықтың жүріп-тұруы жеңілдеп, қолданыстағы маршруттардың жүктемесі азайды. Сонымен қатар «Алматы облысы Автобус паркі» ЖШС тағы екі жаңа бағытты іске қосты.
Өңірде қоғамдық көлікті жаңарту жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінуде. Бұл шаралар тасымалдау қауіпсіздігін арттырып, автопарктің техникалық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
Биыл облыс бойынша 31 жаңа автобус сатып алу жоспарланған. Қазіргі таңда оның 9-ы Талғар ауданында іске қосылып, тұрғындарға қызмет көрсетіп жатыр. Атап айтқанда, 5 бірлік Yutong және 4 бірлік Isuzu маркалы жаңа автобустар халық игілігіне берілді.
Жауапты ведомстволардың мәліметінше, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жоспарға сәйкес жалғасады.





