Мамандардың айтуынша, биыл ауа райының қолайлы болуына байланысты егіс жұмыстары әдеттегіден ертерек қолға алынған. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Қайрат Тойшыбеков аудан бойынша 106,4 мың гектар жерге егін егілетінін мәлімдеді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1702 гектарға артық.
Жоспарға сәйкес, 50 мың гектардан астам алқапқа дәнді дақылдар, 46 мың гектардан астамына мал азығы, 5500 гектар жерге майлы дақылдар егіледі. Қалған аумаққа картоп, көкөніс және бақша дақылдары орналастырылады.
Көктемгі егіс науқанына барлығы 1065 ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылған, оның 75 пайызы жаңартылған.
Топырақ құнарын арттыру үшін 13,6 мың тонна минералды тыңайтқыш қажет. Қазіргі уақытта оның 4200 тоннасы сатып алынған. Сонымен қатар биыл 13,3 мың тонна тұқым себу жоспарланып отыр.
Ауданда тұқым шаруашылығын дамыту бағытында да жұмыстар қолға алынған. Мәселен, Бозой ауылындағы шаруашылық майлы дақылдар мен жүгері тұқымын өндіруді жоспарлап отыр.
Бұдан бөлек, шаруаларға жеңілдетілген жанар-жағармай беріледі. Биыл көктемгі және күзгі дала жұмыстарына 46 шаруашылықтан жалпы 751 тонна дизель отынына өтінім түскен. Ауыл шаруашылығы құрылымдары жанармайды нарық бағасынан төмен бағамен сатып алады.
Соңғы жылдары аудан шаруалары су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізіп келеді. Қазіргі таңда 22 мың гектар суармалы жердің жартысына тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелері енгізілген. Биыл тағы 1500 гектар алқапқа осы технологияларды енгізу жоспарланып отыр.
Жалпы, өңірде көктемгі егіс науқаны белгіленген жоспарға сай жүргізіліп жатыр.





