Салтанатты ашылу рәсіміне Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері мен жастар қатысты.
Аймақ басшысы жаңа музейдің тарихи жадымызды сақтауда ерекше рөл атқаратынын атап өтті.
«Музей өткен мен бүгінді жалғап, тарихи жадымызды сақтауға қызмет ететін маңызды мәдени орталыққа айналады. Әрбір жәдігер, құжат пен фотосурет Балқаш ауданының бай мұрасын айшықтап, жастар, зерттеушілер мен туристер үшін құнды ақпарат көзі болады», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Жаңа нысанға дейін музей бұрынғы дәріхана ғимаратында орналасқан еді. Алайда ол қазіргі талаптарға сәйкес келмеген. Аумағы 363 шаршы метрді құрайтын жаңа музей жергілікті меценаттар Айгерім Исабаева мен Дархан Кәкетайдынның қолдауымен салынды.
Музейде өңірдің флорасы мен фаунасына, аудан тарихына және мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың өмірі мен қызметіне арналған үш экспозициялық зал бар.
Мекеме заманауи талаптарға сай жабдықталған. Жәдігерлерді сақтау үшін арнайы температуралық режим қамтамасыз етілген. Сонымен қатар залдар цифрлық ақпараттық тақталармен, аудио және бейне құрылғылармен жабдықталған. Қорында екі мыңға жуық экспонат сақтаулы.
Музей меңгерушісі Ахмет Басшыбайдың айтуынша, ең құнды жәдігерлердің бірі – 1713 жылы Сауд Арабиясында басылып шыққан қасиетті Құран кітабы. Деректерге сәйкес, 1890 жылы жергілікті байлардың бірі Ташкенттегі жәрмеңкеде бұл кітапты көріп, оны алу үшін жүз жылқы беріп, үстіне алтынмен әшекейленген қамшысын қоса сыйлаған. Осылайша сирек жәдігер Балқаш ауданына жеткізілген.
Ашылу салтанаты концерттік бағдарламамен жалғасты. Өнерпаздар мен мәдениет қайраткерлері жиналған қауымға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Дәстүр бойынша ақсақал бата беріп, салтанатты түрде лента қиылғаннан кейін алғашқы келушілер музей экспозициясымен танысты.





