Жаңа мәртебе алған аумақтар негізінен Асқар Тоқпанов, Жәпек батыр, Жайнақ және Көкқайнар елді мекендерінің құрамына енді. Мамандардың айтуынша, ауданда тағы 7 елді мекеннің бас жоспары қайта бекітілген. Жуық арада қосымша 27 саяжай кооперативін ауылдардың құрамына енгізу жоспарланып отыр.
Билік өкілдері бұл шешімнің басты себебі – саяжайларда халықтың жыл он екі ай бойы тұрақты тұруы екенін айтады. Мәселен, Ащыбұлақ ауылдық округіндегі саяжай алқаптарында қазірдің өзінде 44 мыңға жуық адам тұрады.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ауыл мәртебесі инфрақұрылымды жақсартуға мүмкіндік береді.
«Халыққа аса көп нәрсе керек емес. Қоғамдық көлік, ауызсу және жарық мәселесі шешілсе дейміз. Саяжай болған соң коммуналдық төлемдерді көбірек төлейміз. Енді олар төмендейді деп үміттенеміз», — дейді «Береке» саяжайының тұрғыны Асхат Мелісұлы.
Ащыбұлақ ауылдық округінің әкімі Бақтияр Қасымбековтің айтуынша, саяжайлардың елді мекен мәртебесін алуы инфрақұрылымды бірден толық жаңарту дегенді білдірмейді.
«Округ бойынша саяжай аумақтарында 400-ге жуық көше бар. Барлығына бірдей асфальт төсеу, электр желілерін жаңарту белгілі бір уақытты талап етеді. Сондықтан бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылады», — деді ол.
Әкімдік өкілдері алдағы уақытта жаңа әлеуметтік нысандар ашу және коммуналдық жүйелерді кезең-кезеңімен жаңарту жоспарланып отырғанын мәлімдеді.




