ҚМДБ дерегінше, 2026 жылы қасиетті Рамазан айы 19 ақпанда басталады. Қадір түні 16 наурыздан 17 наурызға қараған түнге сәйкес келеді. Ал Ораза айт мерекесі 20 наурызда атап өтіледі. Құрбан айт мейрамы 27–29 мамыр аралығында өтеді.
Төралқа мәжілісінде биылғы пітір садақасының мөлшері 735 теңге болып бекітілді. Бұл көрсеткіш еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасы негізінде есептелген. Ұн бағасы ҚМДБ-ның өңірлік өкілдіктері ұсынған мәліметтерге сүйене отырып анықталған.
2026 жылғы пітір садақасының нарықтық орташа бағасы төмендегідей белгіленді:
Бидай 2 кг – 318 теңге;
Ұн 2 кг – 735 теңге;
Арпа 4 кг – 514 теңге;
Мейіз 2 кг – 6400 теңге;
Құрма 4 кг – 12400 теңге.
ҚМДБ өкілдерінің айтуынша, қазіргі таңда бидайдың өзі емес, оның өнімдері – ұн мен талқан кең қолданылатындықтан, пітір садақасын ұн бағасымен есептеу негізге алынған. Шариғатта пітір садақаны бидаймен қатар оның өнімдерімен беруге рұқсат етіледі.
Пітір садақаны берудің уәжіп уақыты – айттың бірінші күні. Дегенмен оны Рамазан айының алғашқы күнінен бастап беруге болады. Уақытында бере алмаған жағдайда айт намазынан кейін де беру рұқсат етіледі, алайда садақаны айт намазына дейін беру – мұстахаб.
Сондай-ақ ауқатты жандарға пітір садақаны мейізбен немесе құрмамен беру құпталады. Бұл ретте 2 келі мейіз – 6400 теңге, 4 келі құрма – 12400 теңге шамасында белгіленген.
Биылғы підия мөлшері бір адамның күнделікті тойып ішетін асының құнына теңестіріліп, 4000 теңге болып бекітілді. Ораза ұстауға шамасы келмейтіндер әр күн үшін осы көлемде өтем бере алады.
ҚМДБ өкілдері мұсылман қауымын қасиетті айда қайырымдылық жасауға, мұқтаж жандарға көмек көрсетуге шақырды.





