Шараның басты мақсаты – еңбек адамына құрмет көрсету, жұмысшы кәсіптердің беделін арттыру және кәсіби шеберлігімен көзге түскен азаматтарды марапаттау.
Бүгінде Алматы облысындағы әрбір бесінші оқушы жұмысшы мамандығын тұрақты жұмыспен қамтылу мен кәсіби дамудың саналы таңдауы ретінде қарастырады. Бұған кәсіби бағдар беру бағдарламаларының кеңінен жүзеге асуы және мектеп–колледж–еңбек нарығы арасындағы жүйелі байланыстың қалыптасуы ықпал еткен.
Салтанатты жиынға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, облыстық мәслихат депутаттары, колледж директорлары, білім беру ұйымдарының басшылары, еңбек ардагерлері, кәсіпкерлер, халықаралық грант иегерлері мен WorldSkills чемпионатының жүлдегерлері қатысты.
Өңір басшысы өз құттықтауында еңбек адамына қолдау көрсету тақырыптық жыл аяқталғаннан кейін де өңірлік саясаттың басым бағыты болып қала беретінін атап өтті.
«Білікті маман мен еңбекқор азамат экономиканың стратегиялық маңызы бар тірегі болып табылады. Сондықтан еңбек адамына қолдау жүйелі түрде жалғасын табады», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Қазіргі таңда Алматы облысында 41 колледж жұмыс істейді, онда 22 мыңға жуық студент білім алуда. Кадр даярлау еңбек нарығының нақты сұранысына бағытталған:
-
950 студент жұмыс берушілердің өтінімі бойынша оқиды;
-
60 оқушы аттестатпен қатар колледж дипломын қатар алуда;
-
19 колледж дуальды оқыту жүйесі бойынша 238 кәсіпорынмен жұмыс істейді;
-
23-тен астам компания колледждерге шефтік қамқорлық көрсетуде.
Сондай-ақ өңірде еңбек нарығына қажетті жаңа мамандықтар ашылды. Атап айтқанда:
-
«Гидротехникалық мелиорация»
-
«Лифт шаруашылығы және эскалаторлар»
-
«Қашықтықтан басқарылатын авиациялық жүйе»
-
«Газбен қамтамасыз ету жабдықтары мен жүйелерін пайдалану»
-
«Жиһаз өндірісі»
Халықаралық ынтымақтастық бағыты да кеңейіп келеді. Бірлескен іс-шаралардың нәтижесінде 35 студент пен 14 педагогты Қытай еліне тағылымдамадан өткізу жоспарланған.
Студенттердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі уақытта облыста 16 жатақхана жұмыс істейді. Ал биыл жалпы құны 6 миллиард теңге болатын, 711 орынға арналған 4 жатақхананы пайдалануға беру көзделген.
Жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесі республикалық деңгейде де байқалды. WorldSkills Kazakhstan X чемпионатында Алматы облысының өкілдері 12 жүлделі орынға ие болды.
Іс-шара аясында марапаттау рәсімі өтті. Атап айтқанда:
-
«Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен – 2 адам;
-
Алматы облысы әкімінің Құрмет грамотасымен – 11 адам;
-
Алматы облысы әкімінің Алғыс хатымен – 9 адам;
-
WorldSkills чемпионатының 13 жүлдегер студенті марапатталды.
Салтанатты жиын концерттік бағдарламамен қорытындыланды.
Алматы облысында жұмысшы мамандықтары жылының қорытындысы еңбек адамына көрсетілген қолдаудың нақты нәтижелер беріп отырғанын және жұмысшы кәсіптердің өңір жастары үшін болашағы зор, сұранысқа ие бағыт екенін айқын көрсетті.






