Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Аппарат басшысы Д. Имашевтің 2026 жылғы 23 қаңтардағы бұйрығымен Алматы облысы бойынша департамент басшысының орынбасары – Әдеп жөніндегі кеңесі хатшылығының меңгерушісі лауазымына Мадияр Болатұлы Исебаев тағайындалды.
Мадияр Болатұлы 1991 жылғы 4 қарашада Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Сарыөзек ауылында дүниеге келген.
Білімі жоғары. 2014 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университетін «Аңшылықтану және аң шаруашылығы» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2017 жылы Ө.А. Жолдасбеков атындағы экономика және құқықтану академиясын «Құқық» мамандығы бойынша аяқтады. 2023 жылы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша білім алды.
Еңбек жолын 2015 жылы Кербұлақ ауданы әкімінің аппаратында бастаған. Әр жылдары Кербұлақ аудандық жер қатынастары бөлімінде жетекші маман, бас маман, бөлім басшысы қызметтерін атқарды.
2022 жылы Кербұлақ ауданы әкімінің аппаратының ұйымдастыру және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімін басқарды. 2022–2024 жылдары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаментінде мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы болды.
2025–2026 жылдары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінде мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы қызметін атқарды.






