Сапар барысында министр өңірдегі медициналық көмектің сапасын арттыру мәселесіне тоқталып, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес республика бойынша 655 медициналық нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға беріліп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар елімізде 32 аудандық аурухананы жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
«Алматы облысы – халқы тығыз орналасқан өңір. Жамбыл ауданындағы бұл емхана шамамен 200 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетеді. Жаңа нысанның жұмысымен таныстық, алдағы уақытта бірқатар ұйымдастыру мәселелерін пысықтау қажет. Ең бастысы – халыққа қолайлы әрі сапалы медициналық көмек көрсету», – деді Ақмарал Әлназарова.
Жаңа емхана тәулігіне 250 адамды қабылдауға қауқарлы. Медициналық мекеме алғашқы медициналық-санитариялық көмектің барлық талаптарына сай және заманауи құрал-жабдықтармен толық жабдықталған. Мұнда жоғары технологиялы диагностикалық аппараттар, цифрлық рентген, ультрадыбыстық зерттеу құрылғылары, зертханалық талдау жүйелері, телемедицина мүмкіндіктері және жедел медициналық көмекке арналған құралдар орнатылған.
Дархан Сыбанбаев, Жамбыл аудандық ауруханасының директоры, жаңа емхананың аудан тұрғындары үшін маңызын атап өтті.
«Бұл емхананың іске қосылуы аудан тұрғындары үшін үлкен мүмкіндік. Медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасы айтарлықтай артады. Қазір мекемеде 324 қызметкер еңбек етеді, оның ішінде білікті дәрігерлер мен бейінді мамандар жеткілікті. Алдағы уақытта көрсетілетін қызмет сапасын одан әрі жақсарту бағытында жүйелі жұмыс жүргіземіз», – деді ол.
Айта кетейік, емхананың штаттық құрамында 324 қызметкер бар. Оның ішінде 98 дәрігер, 194 орта медициналық персонал, 24 кіші медициналық қызметкер және басқа бағыттағы 8 маман жұмыс істейді.
Сонымен қатар Алматы облысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 38 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жоспарланған болатын. Оның ішінде 13 дәрігерлік амбулатория, 14 фельдшерлік-акушерлік пункт және 11 медициналық пункт бар. Жобалардың жалпы құны 8,2 млрд теңгеден асады. Қазіргі таңда аталған 38 нысанның барлығының құрылысы толық аяқталған.





