Бағдарлама аясында қолдау алған жас мамандардың бірі – №5 орта мектептің математика пәні мұғалімі Аружан Түгелбаева. Оның айтуынша, көрсетілген әлеуметтік қолдау кәсіби дамумен қатар, өмірлік маңызды жоспарларды жүзеге асыруға жол ашқан.
«Әр адамның арманы – өз баспанасының болуы. “Дипломмен ауылға” бағдарламасы арқылы үй алғанымызға қатты қуанамыз. Бұл – жас мамандар үшін ең қажетті көмек әрі үлкен мотивация. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау үшін алғысымыз шексіз», – дейді математика пәнінің мұғалімі.
Айта кетейік, былтыр Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес Алатау қаласы Іле ауданы, Талғар ауданы және Қонаев қаласының аумағындағы елді мекендердің бірігуі нәтижесінде құрылған. Қала жаңа мәртебе алғанымен, даму кезеңінің бастапқы сатысында бірқатар әлеуметтік мәселелер, соның ішінде тұрғын үй бағасының өсуі байқалған.
Бұл мәселені шешу бағытында қала әкімдігі жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Гүлбану Несіпбаева, Алатау қаласы әкімінің орынбасарының айтуынша, 2024–2025 жылдары 46 маманға тұрғын үй алуға көтерме несие берілген.
«Олардың ішінде 8 медицина қызметкері мен 38 білім саласының маманы бар. Қазіргі таңда кадр тапшылығы жоқ. Себебі ауылдық елді мекендерге қарастырылған барлық жеңілдіктер өтпелі кезеңде Алатау қаласында толық сақталды. 25 пайыздық үстемақы облыстық мәслихаттың шешімімен және облыс әкімдігінің қолдауымен қалдырылды», – деді ол.
Өңір басшылығының қолдауымен Ұлттық экономика министрлігі Алатау қаласы үшін «Дипломмен ауылға» бағдарламасын өтпелі кезеңде сақтау туралы шешім қабылдаған. Бұл қадам кадрлық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, білім беру мекемелерінің қалыпты жұмыс істеуіне мүмкіндік берген.
Мектеп ұжымдары да жас мамандардың келуін оң өзгеріс ретінде бағалап отыр. №5 орта мектеп директорының орынбасары Жұлдыз Сыдықова бұл бастаманың маңыздылығын атап өтті.
«Жас болса да, білікті әрі ізденімпаз маман. Осындай ауылдық және шағын қалаларға кадр тарту үшін жастардың баспаналы болуына жағдай жасау – өте орынды шешім. Біз бұл бастаманы толық қолдаймыз», – деді ол.
Қазіргі таңда Алатау қаласында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы ондаған жас маман баспаналы болып, тұрақты жұмыспен қамтылған. Мамандардың айтуынша, бұл бастама тек әлеуметтік қолдау емес, өңірдің болашағына бағытталған маңызды инвестиция болып отыр.





