Бұл бастамалар аймақты шикізатқа тәуелді модельден өңдеуші экономикаға көшіруге, экспорт көлемін арттыруға, импортқа тәуелділікті азайтуға және қала мен ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беріп отыр.
Қазіргі таңда облыста 9 сүт өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді. Онда дайын өнім өндіру көлемі 9,3%-ға өсіп, 241 мың тоннаға жеткен. Сауылған сүт көлемі 313 мың тоннаны құраса (+7,9%), экспорт 31,8 мың тоннаға (+15,7%) артқан. Қосылған құны жоғары өнімдер сегментін «Дәулет-Бекет» ЖШС (түйе сүтінен жасалатын өнімдер) және «NEO Milk» ЖШС (балаларға арналған және арнайы тағам өнімдері) табысты дамытып келеді.
Алматы облысы еліміздегі жүгері егіс алқаптарының 28%-ын қамтиды (49 мың гектар). Жалпы өнім көлемі – 347 мың тонна. Қазіргі уақытта жүгерінің 20%-ы өңделеді, алайда «Азия Агро Фуд», «Көк Теңіз», «Qaz Eco Dan» және Harvest Agro Holding жобалары іске асқаннан кейін бұл көрсеткіш 67%-ға дейін ұлғаяды. Бұл крахмал, сироптар және тамақ пен фармацевтика өнеркәсібіне арналған ингредиенттердің экспорттық әлеуетін күшейтпек. Крахмал экспорты қазірдің өзінде 34,1%-ға өсіп, 27,3 мың тоннаға жеткен.
Жеміс өндіру көлемі бойынша Алматы облысы республикада екінші орында тұр – 97 мың тонна. Өңдеумен «Fruit Art» (сублимация), «Агрофирма “Керуен”» (алма, шырындар, консервілеу) айналысады. Сонымен қатар өңдеу қуаттылығы 80 мың тонна болатын «QAZAQ Global Food JV» зауытының құрылысы жүріп жатыр. 2028 жылға қарай өңдеу көлемі 37 мың тоннадан 54 мың тоннаға дейін өседі деп күтілуде.
Облыс елдегі құс еті өндірісінің 28%-ын қамтамасыз етеді. Жалпы өндіріс көлемі – 133,8 мың тонна, экспорт – 11,9 мың тонна (16,6 млн АҚШ доллары). «Прима Құс» компаниясы өндіріс қуатын 105 мың тоннаға дейін ұлғайту арқылы импортқа тәуелділікті азайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуды көздеп отыр.
Өңірде «Балық мектебі» орталығы жұмыс істейді, жалпы құны 2,3 млрд теңге болатын алты жоба іске қосылған. Нәтижесінде тауарлы балық өндірісі 16%-ға, балық өнімдері экспорты 27%-ға артқан. Өңірден балық өнімдері Дания, Нидерланд және Польша елдеріне экспортталады.
Сонымен қатар «Айдарбаев» шаруа қожалығы мен «Asia Pets» ЖШС балық пен үй жануарларына арналған жем өндірумен айналысады. Облыс бойынша барлығы 423,8 мың тонна жем өндіріліп, оның 187 мың тоннасы 39,9 млн АҚШ долларына экспортталған. Құны 12 млрд теңгені құрайтын «Қапшағай Бидай Өнімдері» жобасының іске қосылуы 150-ден астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді.
Мамандардың айтуынша, аталған жобалар өзара тығыз байланысты. Егіс алқаптары мен фермалар өңдеумен қамтылып, зауыттар шикізатпен қамтамасыз етіледі, ал тұрғындар тұрақты жұмыспен және сапалы өніммен қамтылады. Бұл ретте мемлекет экспорт пен салық түсімін ұлғайтады.
Осылайша, Алматы облысы ауыл шаруашылығы мен өңдеу саласын ұштастыра отырып, экономикалық өсімге, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және Қазақстанның әлемдік нарықтағы позициясын нығайтуға бағытталған заманауи индустриялық өңірге айналып келеді.





