Алматы облысы табиғи көркемдігімен ғана емес, заманауи туристік нысандарымен де саяхатшыларды қызықтырып келеді. Биыл өңірдегі қысқы туризм ерекше серпін алмақ. Соның айқын дәлелі – Қонаев қаласында орналасқан, аумағы 22 100 шаршы метрді құрайтын алып мұз айдыны.
Ашық аспан астындағы мұз айдыны қысқы демалысты белсенді өткізуді қалайтын тұрғындар мен қонақтар үшін жаңа тартылыс нүктесіне айналып отыр. Мұнда жаппай сырғанау, түрлі ойын-сауық шаралары мен қысқы атмосфераны сезінуге мүмкіндік бар.
Сонымен қатар таулы аймақтарды таңдаған туристер үшін Oi-Qaragai тау шаңғысы курорты жұмысын жалғастырып келеді. Теңіз деңгейінен 2140 метр биіктікте орналасқан курорт қар жамылған шыңдарымен және кең аумағымен ерекшеленеді. Бұл нысан Орталық Азиядағы ең ұзын тау шаңғысы трассаларының бірі ретінде танылған.
Мамандардың айтуынша, Қонаевтағы алып мұз айдыны мен Oi-Qaragai курорты Алматы облысының туристік бейнесін жаңа деңгейге көтеріп отыр. Бірі – белсенді демалыс пен эмоцияға толы кеңістік болса, екіншісі – табиғатпен үндескен тыныш әрі көркем мекен.
Осылайша, Алматы облысы қысқы туризм бағытында өз позициясын нығайтып, туристерге жаңа әсер мен тың мүмкіндіктер ұсынуда.





