Өңірде ауыл мектептерін жаңғырту, олимпиадалық дайындық орталықтарын ашу, оқушылардың республикалық және халықаралық білім сайыстарындағы жетістіктерін арттыру — білім саласындағы оң өзгерістердің басты көрсеткіші.
Білім басқармасының мәліметінше, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 2022–2025 жылдары облыстағы тоғыз ауыл мектебі толықтай жаңғыртылды. Оқу кабинеттері жабдықталып, жаңа техника қойылды. Нәтижесінде шалғай ауылдардағы балалар қала мектептерімен тең дәрежеде сапалы білім алуға мүмкіндік алды.
Жаңғыртылған білім беру нысандарында олимпиадалық дайындық кабинеттері, коворкинг аймақтары, қосымша білім беру студиялары ашылуда. Мұндай кеңістіктер оқушыларға жеке және топтық дайындық жүргізуге, ғылыми жобалар жасауға және түрлі зияткерлік жарыстарға сапалы әзірленуге жол ашады.
Сонымен қатар, өңірде кадрлық әлеуетті нығайту жұмыстары қарқын алған. 2025 жылы облыста 8 мыңнан астам педагогты қайта даярлау және біліктілігін арттыру жоспарланған. Қазірдің өзінде 7159 мұғалім жетекші орталықтарда оқудан өтті. Білім басқармасының айтуынша, бұл қадам оқыту әдістемесін жаңартуға және оқушылардың үлгерімін арттыруға тікелей әсер етіп отыр.
Білім сапасының өсімі түлектердің нәтижесінен де байқалады. Биыл облыста 17 940 түлек мектеп бітірді. Оның 7681-і мемлекеттік грантқа, яғни 44 пайызы, ие болған. Сонымен бірге 1432 оқушы «Алтын белгі» алып, 1513 түлек үздік аттестатпен оқу орнын тәмамдады.
Алматы облысында білім беру инфрақұрылымы, педагогтарды даярлау және дарынды балаларды қолдау бағыттары қазір біртұтас жүйе ретінде жұмыс істеп, нәтиже көрсетіп келеді. Сарапшылардың пікірінше, осы жүйелі саясат өңірдің соңғы жылдары мектеп жетістіктері бойынша елімізде алдыңғы орындарға шығуына ықпал етіп отыр.





