Астана қаласында Мемлекет басшысының бастамасымен 2020 жылы іске қосылған республикалық «Игі істер марафоны» және халықаралық «Жыл волонтері» сыйлығын табыстау рәсімі өтті. Биылғы марапаттау салтанатында Алматы облысының еріктілері жоғары нәтиже көрсетіп, бірнеше номинацияда жеңімпаз атанды.
Халықаралық «Жыл волонтері» сыйлығы биыл 15 номинация бойынша табысталды. Оның бесеуі Алматы облысының еріктілеріне бұйырды.
Сонымен қатар республикалық «Игі істер марафоны» 13 номинация бойынша ұйымдастырылып, облыс волонтерлері үш номинацияда жеңіске жетті.
Жалпы қорытынды бойынша Алматы облысы марафонда үздік өңір деп танылды. Ресми мәліметке сәйкес, жыл басынан бері ел бойынша 9 мыңнан астам игі іс тіркелсе, оның 1,5 мыңнан астамы – Алматы облысының еріктілерінің еңбегі.
Республикалық «Игі істер марафоны» жеңімпаздары
«Ең мейірімді аймақ» – Алматы облысының Волонтерлер фронт-офисі
«Инклюзивті келешек» – Қарасай ауданынан Бердіқұлова Ақнұр
«Жүректен жүрекке» – Талғар ауданының волонтерлері
Халықаралық «Жыл волонтері» сыйлығының иегерлері
«Хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздестіруге белсенді қатысқаны үшін» – «Lider.kz» волонтерлік қозғалысы
«Құқық бұзушылық құрбандарына көмек көрсетуге белсенді қатысқаны үшін» – Туысқанова Жібек (Талғар ауданы)
«Үздік волонтерлік ұйым» – «Ақ жұлдыз» қоғамдық қоры (Іле ауданы)
«Үздік әлеуметтік көмекші» – Әукен Айдос (Талғар ауданы)
«Жануарларды қорғауға қосқан үлесі үшін» – «Vector» жастар одағы (Талғар ауданы)
Волонтерлік қозғалыстың дамуына жаңа серпін
Бұл жетістіктер – соңғы екі жыл ішінде облыс басшылығының қолдауымен волонтерлік экожүйені жүйелі түрде дамыту жұмысының нақты көрінісі.
Алматы облысында еріктілерді қолдау мақсатында әлеуметтік, экологиялық және білім беру бағыттарында түрлі жобалар жүзеге асырылып келеді. Жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға, қоғамға пайдалы бастамаларды қолдауға басымдық берілуде.
Облыста волонтерлік қызметті одан әрі қолдау және дамыту жұмыстары жалғасын табатыны атап өтілді.





