Бүгін елді мекенге орталықтандырылған жүйе арқылы таза ауызсу қайтадан беріле бастады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бұл мәселе 6 қарашада «Бозой топтық су құбыры» жүйесіндегі апаттан кейін туындаған еді. Ұзындығы 72 шақырым болатын негізгі магистральді құбырда ақау пайда болып, нәтижесінде Ақши мен Ақсай ауылдық округтері, сондай-ақ Қонаев қаласының бір бөлігіне су тасымалдау көлігімен жеткізуге тура келген. Тұрғындар шамамен бір ай таза суды тек автоцистерналар арқылы алып отырды.
Апаттан кейін Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жедел кеңес өткізіп, мәселені шұғыл шешу үшін резервтен қаржы бөлуді тапсырды. Нәтижесінде ұзындығы 2,6 шақырым болатын әбден тозған құбырды ауыстыру жұмыстарына 137 млн теңге бағытталды.
Құрылыс бригадалары күрделі жөндеуді жедел жүргізіп, бүгін ауылға ауызсу беруді қалпына келтірді.
Ақши ауылының тұрғыны Динора Сафарова су тапшылығы халыққа оңай болмағанын айтты.
«Өте қиын болды. Облыс әкімінің тапсырмасымен резервтен қаржы бөлініп, екі шақырымнан астам ескірген құбыр тез ауыстырылды. Соның арқасында ауылымызға қайтадан ауызсу келе бастады», – деді ол.
Тағы бір тұрғын Құралай Амантаева да қуанышын жасырмады.
«Бүгін ауылымызға тәтті су қайта келді. Қуанышымызда шек жоқ. Осы іске атсалысқан азаматтарға алғысымыз шексіз», – деді ол.
Су сапасы тексеріліп жатыр
Санэпидемиологиялық бақылау қызметінің мамандары бірнеше үйден су сынамасын алып, зертханаға жолдаған. Нәтижелері 2–3 күн ішінде белгілі болады. Ал сақтық мақсатында арнайы көліктермен ауызсу тасымалдау қызметі біраз уақытқа дейін жалғаса береді.
Су құбыры толық жаңартуды талап етеді
«Бозой топтық су құбыры» мекемесінің басшысы Нұрислам Сайлаубаевтың айтуынша, қазір су қысымы тұрақты, насос станциялары штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Дегенмен болашақта мұндай жағдайды болдырмау үшін магистральді толық ауыстыру қажет.
«Бұл құбырдың 72 шақырымын түгел жаңарту керек. Сонда ғана мұндай проблемалар қайталанбайды. Қазір Ақшіге су бірқалыпты беріліп тұр», – деді ол.
Өткен жылы Ақши ауылында жаңа ауызсу жүйесін салу бойынша жоба әзірленген. Мамандардың есебінше, оның толық құны 7,4 млрд теңгені құрайды. Қаржы бөлінсе, ауылдағы ауызсу мәселесі түбегейлі шешілмек.





