Әкімнің мәліметінше, биыл облысқа келген туристер саны 2,2 млн адамға жетіп, былтырмен салыстырғанда 36% артқан (2024 жылы – 1,6 млн).
Қапшағай су қоймасы Қонаев қаласының негізгі туристік орталығына айналды. 2025 жылғы жазғы маусымда мұнда 2 млн-ға жуық адам келген, бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 20% көп. Биыл «Freedom Holding» қолдауымен №5 қалалық жағажай кең көлемде абаттандырылды.
Құны 83,2 млрд теңге болатын Ақтас үстіртіндегі «Oi-Qaragai» тау-шаңғы курортын кеңейту жобасы жүзеге асырылды. Бұл курорттың ерекшелігі жылдың төрт мезгілінде де жұмыс жасап, 600 мыңға жуық туристке қызмет көрсетіп отыр.
Сонымен қатар Қапшағай көлі жағалауында құны 11 млрд теңге болатын ASP-Arena көпфункционалды туристік кешен, халықаралық деңгейдегі спорт аренасы, 4 000 мың орындық стадион іске қосылды. Бұл жерде Орталық Азиядағы ең үлкен мұз айдыны қонақтарды қабылдауға дайын.
Әкім Көлсай мен Қайыңды көлдерінің өңір туризмі үшін маңызын ерекше атап өтті. Бұл аумақта жаяу жүргіншілер жолдары толық абаттандырылып, Қайыңдыға апаратын 9 шақырым жол күрделі жөндеуден өткен. Соның нәтижесінде бұл бағытқа келген туристер саны 600 мың адамға жетіп, былтырғы көрсеткіштен 1,6 есе артқан.
«Іле өзені жағасындағы «Көшпенділер» қалашығы әкімдіктің теңгеріміне алынды. Алдағы уақытта толық жаңартудан өткізу жоспарымызда бар, бұл нысан туристердің сүйікті орындарының біріне айналатынына сенімдімін», — деді Сұлтанғазиев.
Көшпелі мәдениетті дәріптеу және туризмді дамыту мақсатында биыл «Әлемдегі ең үлкен түйе керуені – 2025» атты ірі мәдени шара өтті. Іс-шара барысында әлемдік рекорд орнатылып, «Дәулет-Бекет» шаруа қожалығы Гиннестің рекордтар кітабына енді.





