Ведомство дерегінше, вирусқа қарсы, қызу түсіретін және басқа да негізгі препараттар стационарларға жоспарлы әрі тұрақты түрде жеткізіліп жатыр.
Басқарма медициналық ұйымдарды ТМККК және МӘМС шеңберінде дәрілік қамтамасыз ету жүйесі арқылы біріңғай дистрибьютордың қамтамасыз ететінін жеткізді. Бүгінде облыстағы 55 медициналық мекеме дәрі-дәрмекпен толық қамтылған.
«СК-Фармация» өңірлік өкілдігінің мәліметінше, медициналық ұйымдар жыл басынан бері 1 487 түрлі дәрілік зат пен медициналық бұйымдарға өтінім берген. Жыл ішінде қосымша 953 атауға сұраныс туындаған.
Өкілдік басшысы Манат Альмаханованың айтуынша, 2025 жылы стационарлық деңгейде 47 медициналық ұйыммен келісімшарт жасалып, 1 266 атаудағы препараттар мен медөнімдер 14,5 млрд теңгеге сатып алынған.
Амбулаторлық деңгейде 467 атау бойынша өтінімдер беріліп, олардың 93,3%-ы медициналық ұйымдарға жеткізілді. Стационарларға жалпы 12,4 млрд теңгенің дәрісі жөнелтілген, бұл жылдық жоспардың 85,5%-ына тең.
Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов тұрғындардың алаңдауына негіз жоқ екенін айтты.
«Біз өңірдегі дәрі-дәрмек қорын және медициналық ұйымдардың қажеттілігін күн сайын бақылап отырмыз. Қажет болған жағдайда біріңғай дистрибьютор препараттарды басқа өңірлерден жедел түрде қайта бөледі. Басты мақсат тұрғындарды үздіксіз және сапалы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету», — деді ол.
Қазіргі таңда барлық препараттар жоспарға сәйкес жеткізіліп, медициналық ұйымдардың өтінімдері Денсаулық сақтау басқармасының тұрақты бақылауында тұр.





