Жаңа кәсіпорын өңірдің ең ірі өнеркәсіптік жобаларының қатарынан орын алып, жылына 1,2 млн тонна болат өндіруді жоспарлап отыр. Зауыт іске қосылған кезде шамамен 600 адамды жұмыспен қамтиды.
Алпауыт өндіріс нысанының негізін қалау рәсіміне Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, жергілікті атқарушы органдар, инвесторлар мен жобалық ұйымдардың басшылары қатысты. Өңір басшысы металлургиялық зауыт құрылысының стратегиялық маңызын атап өтті.
Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі тапсырмаларына толық сәйкес келеді:
«Asia United Steel зауытының құрылысы – өңірдің жаңа индустриялық серпіліске жасаған қадамы. Әрбір осындай зауыт – жаңа жұмыс орындары, технологиялар, бюджетке түсетін салық. Облыс өз өндірістік қаңқасын қалыптастырып, ел экономикасын нығайтып келеді. Жоба стратегиялық маңызға ие», — деді әкім.
Жоба «Қазыбек бек» индустриялық аймағында 78 гектар аумақта салынады. Аймақта жалпы құны 640 млрд теңгеден асатын 11 инвестор орналастырылған, олар 2,5 мың жұмыс орнын құруда.
Алматы облысы индустриялық аймақтарының басқарушы компаниясының бас директоры Ербол Шокаевтың айтуынша, инвесторларға индустриялық аймақтың 900 гектарының 567 гектары бөлінген. Алдағы екі жылда аймақ толыққанды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі:
150 МВт электр қуаты
тәулігіне 8000 м³ су
тәулігіне 100 вагон жіберуге мүмкіндігі бар теміржол логистикасы
Қазіргі таңда құрылыс үшін уақытша электр және су желілері жүргізілген.
Asia United Steel компаниясының негізін қалаушы Лин Гуощун Алматы облысын арнайы таңдағанын айтты:
«Ұзақ талдаудан кейін болат өндіретін зауыт салуға ең қолайлы өңір ретінде Алматы облысын таңдадық. Мақсатымыз — Орталық Азияны шикізатпен қамтамасыз етіп, заманауи өндіріс орнату», — деді ол.
Жобаны толықтай шетелдік инвесторлар қаржыландырады. Өндіріс ішкі және сыртқы нарықта жоғары сұранысқа ие құрылыс өнімдерін шығаруға бағытталмақ.
Капсула салу рәсімінде Жамбыл ауданының ақсақалы Абден Есперов сөз сөйлеп, бұл жобаның өңір халқы үшін маңызды екенін айтты. Оның айтуынша, жаңа зауыт ауыл тұрғындарын жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосады.
Зауыттың құрылысы бірнеше кезеңмен өтіп, 2027 жылға дейін толық аяқталады. Кәсіпорын энергия тиімді балқыту пештерімен жабдықталады. Электр энергиясын пайдалану қоршаған ортаға түсетін зиянды айтарлықтай азайтады. Өндіріс экологиялық стандарттарға толық сай болады.
Жоба толық қуатына шыққаннан кейін Asia United Steel Қазақстандағы болат өнімдерін экспорттайтын жетекші кәсіпорындардың біріне айналып, өңірдің ғана емес, елдің де өңдеу өнеркәсібін күшейтеді.
Алматы облысы үшін бұл — жаңа индустриялық дәуірдің басталуы деп бағаланып отыр.





