Тестілеу қорытындылары Аңсар Сарқытбек пен Айша Назардың жоғары қабілетін, білімге құштарлығын және дайындық деңгейін айқындады. Бұл грант — олардың табандылығы мен жүйелі еңбегінің нәтижесі екені атап өтілді.
Халықаралық грант иегерлері 2026 жылдың 5 қаңтарынан бастап 4-сыныптың екінші жарты жылдығын Малайзиядағы халықаралық мектепте жалғастырады. Балаларға толық оқу ақысы мен қажетті білім беру қолдауы ұсынылады.
Мектеп әкімшілігі мен педагогтар бұл жетістікті зор қуанышпен қабылдап, оқушыларды және олардың ұстаздарын құттықтады. Мұғалімдер мұндай нәтиженің балалардың жауапкершілігі мен дайындықтағы тиянақтылығының жемісі екенін айтты.
Жас дарындардың шетелде білім алу мүмкіндігі олардың болашағына үлкен серпін беріп, халықаралық деңгейдегі жаңа жобалар мен мүмкіндіктерге жол ашады деп күтілуде.
Аңсар мен Айшаның жеңісі – Талғардың білімге құштар жастарының әлеуетін көрсететін жарқын мысал. Педагогтар мен ата-аналар олардың алдағы оқу жылында жаңа табыстарға қол жеткізетініне сенімді.





