Кездесуде өңір басшысы инвесторларға Алматы облысының әлеуетін таныстырып, облыстың ауыл шаруашылығы, туризм және өнеркәсіп салаларында тұрақты өсім көрсетіп келе жатқанын айтты. Сонымен қатар өңірде шетелдік капитал қатысатын ірі жобалардың табысты жүзеге асырылып жатқаны да атап өтілді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ірі инвестициялық жобалардың орындалуын қатаң бақылауда ұстау қажеттігін бірнеше рет айтты. Біз үшін әр инвестор маңызды. Бизнес жүргізу үшін ашық әрі қолайлы жағдай жасауға дайынбыз. Бұл жоба өңірдің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және озық технологиялардың енгізілуіне ықпал етеді деп сенемін», — деді Марат Сұлтанғазиев.
Компания өкілі Хайссам Каддура Talgar Eco City жобасының негізгі параметрлерін таныстырып, жаңа қалада:
тұрғын үйлер,
мектептер мен медициналық нысандар,
сауда және ойын-сауық орталықтары,
кең қоғамдық жасыл кеңістіктер салынатынын айтты.
Экологиялық талаптарды сақтау, «жасыл» технологияларды қолдану, жасанды интеллект элементтері бар «ақылды» инфрақұрылым құру — жобаның негізгі басымдықтары.
Жоба параметрлері:
Қала 180 мың тұрғынға есептелген;
Құрылыс аумағы — 11,8 млн шаршы метр;
36 мың жаңа жұмыс орны ашылады;
Инвестиция көлемі — 14 млрд АҚШ долларынан асады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев жаңа қала аумағында ғылыми-зерттеу орталықтарын орналастырудың маңыздылығын атап өтіп, бұл Қазақстанның ғылыми-технологиялық әлеуетін күшейтетінін айтты.
Өңір басшысы жобаны жүзеге асыру үшін облыс әкімдігі тарапынан толық қолдау көрсетілетінін, оның ішінде инженерлік желілерді дайындау және сыртқы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелерінде көмек берілетінін жеткізді.
Talgar Eco City жобасының бас жоспары БАӘ-нің AE7 халықаралық компаниясы әзірлеген. Ал биыл шілде айында Астана халықаралық қаржы орталығы алаңында «Dinar Holding Ltd» (Қазақстан) және БАӘ-нің «44Degree» компанияларының қатысуымен «Talgar Development Ltd» бірлескен кәсіпорны құрылған болатын.
Жоба жүзеге асса, Алматы облысында заманауи, экологиялық таза және технологиялық жаңа қала пайда болуы мүмкін.





