Бұл бастаманы жүзеге асырып отырған – «БАУЫРЖАН-7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, өңірдегі табысты агрокәсіпорындардың бірі.
2002 жылы құрылған шаруашылық бүгінде 540 гектар суармалы жерді игеріп, күріш, бидай және көпжылдық шөптер өсіреді. Биыл 220 гектарға күріш, 17,5 гектарға бидай, ал 302 гектарға мал азықтық дақылдар егілген.

Өндіріс қуатын арттыру және ауыл шаруашылығында заманауи тәсілдерді енгізу мақсатында кәсіпорын өз қаражаты есебінен 26 миллион теңге көлемінде инвестиция құйды. Нәтижесінде шаруашылықта 12 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, маусым кезінде жұмысшылар саны 20 адамға дейін көбейеді.
Қазіргі уақытта кәсіпорынның балансында 13 заманауи ауыл шаруашылық техникасы бар. Олардың қатарында «Беларус МТЗ-80» тракторлары, «Енисей-1200» комбайны, Е-240 техникасы, шөп тиегіштер мен пресстеушілер секілді құрал-жабдықтар бар.
Кәсіпорын директоры Сұлтанов Талғат Пермебекұлының айтуынша, жобаның басты мақсаты – ауыл экономикасын көтеріп, жергілікті өнім өндіру көлемін арттыру.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев шаруашылық жұмысымен танысу барысында жобаның өңір үшін маңыздылығын атап өтті:
«Басты мақсат – ауыл экономикасын көтеру. Оның негізі – ауыл шаруашылығын дамыту. «БАУЫРЖАН-7» ЖШС өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлесін қосып келеді. Мұндай инвестициялық жобалар – Алматы облысының ауыл шаруашылығын жаңғырту және ауыл экономикасын нығайту стратегиясының маңызды бөлігі», – деді өңір басшысы.
«БАУЫРЖАН-7» ЖШС іске асырып отырған бұл жоба – Балқаш ауданының агросаласын дамытуға серпін беретін және ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік жасаған маңызды бастама.





