Алматы облысының Балқаш ауданында орналасқан «СЭМиКО» ЖШС зауыты қайта жаңғыртылып, жұмысын бастады. Кәсіпорын ет және сүт өнімдерін өңдеумен айналысады.
Бұған дейін зауыт құрылысы бірнеше жыл бойы тоқтап тұрған болатын. Кейін нысанды басқа инвесторлар иелігіне алып, бір жыл ішінде жөндеу жұмыстарын жүргізіп, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз еткен.

Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтың айтуынша, бұл нысан аудан экономикасын көтеруге серпін береді.
«Қазіргі ең басты мақсат – ауданның экономикасын дамыту. Балқаш ауданы ауыл шаруашылығы жақсы дамыған өңір болғандықтан, осы бағытта бірқатар жұмыстар атқарылады. Біз келіп отырған бұл объект бірнеше жыл бойы жұмыс істемей тұрған, 5000 мал бордақылауға арналған нысан еді. Қазір заң аясында жаңа кәсіпкерлер алып, жөндеп, заманауи техникамен жабдықтап, іске қосты. Біздің мақсатымыз – осындай тоқтап тұрған нысандарды қайта жандандырып, халықты жұмыспен қамту», – деді өңір басшысы.

Әкімнің айтуынша, алдағы уақытта Балқаш ауданына ешкі сүтін өңдейтін зауытты көшіру туралы ұсыныс та қарастырылып жатыр.
«Қарасай ауданында орналасқан ешкі сүтін өңдеу зауыты ауыл тұрғындары үшін қолайсыз жерде орналасқан. Сол себепті оны Балқаш ауданына көшіру туралы ұсынысты қолдаймыз. Бұл өндіріс ошағы өңірдегі ірі кәсіпорындардың бірі болмақ», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Жаңғыртылған зауыт іске қосылуы арқылы аудан тұрғындары жаңа жұмыс орындарымен қамтылып, ауыл шаруашылығы саласының дамуына тың серпін бермек.





