Нұржан Жораханұлы Ысқақов 1959 жылы 3 ақпанда Амангелді, қазіргі Сұраншы батыр ауылында дүниеге келген. Атасы Сейдахмет – ауылдағы алғашқы білім ордасының негізін қалаушылардың бірі болса, әкесі Жорахан Ысқақов та ұзақ жылдар бойы бастауыш сынып мұғалімі болып, саналы ғұмырын балалар тәрбиесіне арнаған. Осылайша, әулеттің ұстаздық дәстүрі терең тамыр жайған.
Ұстаздық жолы
1976 жылы Алматыдағы №9 интернатты бітірген Нұржан Жораханұлы әскерде Мәскеу қаласында Отан алдындағы борышын өтеп, 1979 жылы туған ауылына оралды. Сол жылы Қазақ дене шынықтыру институтына оқуға түсіп, 1983 жылы үздік аяқтады. Еңбек жолын туған ауылындағы Амангелді орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып бастады.
Іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленген ол 1985 жылдан бастап 2002 жылға дейін мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарды. Бұл жылдары мектептің білім беру мен тәрбие ісіндегі жетістіктерінде оның еңбегі айрықша болды. Кейін қайтадан дене шынықтыру пәнінен сабақ беріп, 2023 жылы зейнеткерлікке шықты.
Ұстаздықты жалғаған ұрпақ
Нұржан Жораханұлының өмірлік серігі Бибігүл Аспандиярқызымен Қазақ дене шынықтыру институтында танысып, 1983 жылы шаңырақ көтерген. Екеуі де ұстаздық мамандықты таңдаған. Бүгінде олар үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді.
Балаларының екеуі мен қызы да ата-анасының жолын қуып, ұстаздықты таңдағаны – әулеттің мақтанышы. Үлкен ұлы Думан Алматы қаласында тарих пәнінің мұғалімі болып еңбек етсе, қызы Айгүл Арайымқызы Назарбаев зияткерлік мектебінде педагог-психолог. Кенже ұлы Елдар Қазақ спорт және туризм академиясын тәмамдап, бүгінде Сұраншы батыр ауылындағы мектепте дене шынықтырудан сабақ береді. Ортаншы ұлы Дастан энергетика саласында қызмет атқарғанымен, ол да отбасындағы тәрбие мен еңбектің үлгісін жалғап келеді.
Ұзақ жылдық ұстаздық жолында Нұржан Жораханұлы бірнеше мәрте мемлекеттік марапаттарға ие болып, әріптестерінің, шәкірттерінің ыстық ықыласына бөленді. Зейнетке шықса да, ауылдың қоғамдық өміріне белсене араласып, жастарға бағыт-бағдар беріп келеді.
Ысқақовтар әулеті – бірнеше буыннан жалғасқан ұстаздар әулеті ретінде Жамбыл жұртының мақтанышы. Әулеттің өнегесі – жас ұрпаққа білім беру ісіне деген адалдық пен сүйіспеншіліктің айқын үлгісі.





