Биыл облыста дәнді дақылдар 159,2 мың гектар жерге егілген. Қазіргі таңда оның 106,7 мың гектары орылып, қоймаларға жөнелтілуде. Астық құрылымында арпа негізгі үлесті алып отыр – 109,7 мың тоннадан астам өнім жиналды. Сонымен қатар бидайдан 55,1 мың тонна өнім бастырылды.
Жүгері биыл рекордтық өнім беруде: егілген алқаптың 9,4%-ынан 34,5 мың тонна жиналып, гектарынан 75 центнер өнім алынуда. Күріш те өсім көрсетіп отыр – бүгінгі күнге дейін 3,3 мың тоннасы бастырылды.
Көкөніс пен майлы дақылдар мол өнім беруде
Майлы дақылдар 23,8 мың гектарға егілген, оның 10 мың тоннасы жиналды. Картоп бойынша да көрсеткіш жоғары: 129,4 мың тоннасы қазылып, болжам бойынша бұл көлем 214 мың тоннаға жетеді.
Көкөніс пен бақша өнімдерінің қазіргі жиынтығы 356,2 мың тоннаға тең. Жалпы өнім көлемі маусым соңына дейін 400 мың тоннадан асады деп күтілуде.
Жаңа техника және заманауи технологиялар
Күзгі дала жұмыстарына техника толық дайын. Машиналардың 98%-ы жөндеуден өткізіліп, жұмысқа кіріссе, қосымша 282 жаңа техника сатып алынды.
Минералды тыңайтқыштар жоспарының 91%-ы орындалды – бұл шамамен 55,3 мың тоннаны құрайды. Ылғал үнемдеу технологиялары 23 мың гектарға енгізіліп, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 66 мың гектарға жеткізілмек.
Мал азығын дайындау – қорытынды кезеңде
Мал азығын дайындау жұмыстары да аяқталуға жақын. Қажетті 2,9 миллион тонна көлемінің 94,7%-ы дайындалды. Оның ішінде:
1,7 млн тонна шөп,
241 мың тонна пішендеме,
290 мың тонна сүрлем,
266 мың тонна сабан,
272 мың тонна құрамажем әзірленген.
Ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыруға басымдық
Облыс әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы науқан барысына тоқталып, ауыл еңбеккерлеріне алғысын білдірді.
«Егін ору науқаны жоспарға сай өтуде. Қолайсыз ауа райына қарамастан, ауыл шаруашылығы өндірушілері аянбай еңбек етіп, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Біздің басты мақсатымыз – өнім көлемін арттырумен қатар, жаңа технологияларды енгізу арқылы саланың тиімділігін көтеру», – деді ол.
Алматы облысының ауыл шаруашылығы еңбеккерлері биылғы маусымды жоғары көрсеткіштермен аяқтауды көздеп отыр. Бұл өз кезегінде өңірдің азық-түлік қорын нығайтып, нарыққа сапалы әрі жеткілікті өнім ұсынуға мүмкіндік береді.





