Тұқымдарды дәрілеуде неге мән берген дұрыс?
Дәнді дақылдарды өсіру технологиясында тұқымдарды дәрілеу — міндетті әдіс болып табылады, ол тұқымдық материал арқылы таралатын өсімдік ауруларының қоздырғыштарынан тұқымдарды зарасыздандырады (қаракүйе аурулары, тамыр шірігі, септориоз және т.б.), себілген тұқымдар мен өсіп шыққан өскіндерді топырақтың ішінде зеңденуден қорғайды, топырақ патогендерінен (тамыр шіріктері, қаракүйе) қорғайды, өскіндерді топырақта мекендейтін зиянкестерден (сым құрттары және т.б.) және ауа толқындары арқылы таралатын инфекциялардан қорғауды қамтамасыз етеді.
Дәнді дақылдардың тұқымдары арқылы таралатын ең зиянды ауруларына қаракүйе аурулары (бидайдың қатты, тозаңды қаракүйелері, арпаның тозаңды және тасты қаракүйесі), тамыр шірігі (фузариозды және гельминтоспориозды тамыр шірігі) жатады.
Аурулар мен зиянкестер ауылшаруашылығы өсімдіктерінің өнімділігін төмендетіп ғана қоймай, алынатын өнімнің сапасын да төмендетеді. Осыған байланысты тұқымдарды фитосараптамадан кейін сапалы өңдеу, өнімнің түсімділігін төмендеуінен сақтайды. Себу материалын аурулар мен зиянкестерден қорғау мақсатында дәрілеу, өсімдіктерді қорғаудың экологиялық және экономикалық жағынан тиімді шара болып табылатындығы тәжірбие жүзінде дәлелденді.
Қазақстанның барлық астық өндіруші аймақтарының тұқымдарының фитосараптамасының нәтижелері мен егіс алқаптарына жүргізілген фитосанитарлық мониторинг нәтижелерінде — дәнді дақылдардың экономикалық шығын келтіретін аурулардың негізгі қоздырғыштарымен залалдануы деңгейі әлі де жоғары екендігіне көз жеткізіп келеміз. Мұндай тұқымдарды себу кезінде олардың танаптық өнгіштігі төмендейді, өскіндердің өсуі нашарлап, кейде опат болады. Сонымен қатар, тамыр шірігінің қоздырғыштары топырақта сақталып, олар өскіндерді залалдайды, топырақтың төмен температурасында өнетін тұқымдар зеңденуге ұшырайды. Бұл тұқымдарды фунгицидтермен өңдеудің маңыздылығын арттырады. Тұқымдық материал тозаңды қаракүйе ауруымен залалданған кезде, тұқымды жүйелі преапараттармен өңдеу ғана тиімді болады, қатты қаракүйе ауруын жүйелі және жанаспалы препараттармен бақылауға болады. Алайда бұл ретте споралар санының арту жағдайында (1 дәнде 500 спорадан астам) жүйелі фунгицидтер қолайлы.
Шаруа қожалықтары егу алдындағы тұқымдарды өңдеуден қалаған нәтижеге қол жеткізе алмай жатады. Өйткені тұқымдарды өңдеудің тиімділігіне бірқатар факторлар әсер етеді. Соның бірі тұқымды сұрыптау және шаң-тозаңнан, масақ қабыршақтарының сынықтарынан, саңырауқұлақтардан, сабақ сынықтарынан, шіріген және сынған тұқымдардан тазарту сапасы нашар болғандығынан. Тұқымдық себу материалындағы қоспалардың мөлшері 4-8%-ға дейін болса, препараттың шығыны 20-45% жоғары болады. Сондықтан сұрыпталған және өнгіштігі тексерілген сапалы тұқымдар ғана дәріленуі керек екендігін есте ұстаған жөн. Қатты зақымдалған немесе ылғалдылығы жоғары тұқымдарды өңдеуге болмайды. Олар препараттың үлкен мөлшерін өзіне сіңіріп алады, үлбір түзетін заттар тұқымдардың бетіне біркелкі таралмайды, ал шаң преапараттың 30% -на дейінгі мөлшерін өзіне сіңіреді. Өңделген тұқымдық материал құрғақ, салқын, жақсы желдетілетін қоймада сақталуы керек. Ең дұрысы, бұл масақтың ортаңғы бөлігінен алынған және биологиялық белсенділігі жоғары сапалы, калибрленген тұқымдар болуы керек.
Тұқымдарды себу алдында өңдеуді тұқымдық материалды зерттеуден бастау керек, онда қоздырғыштардың түрлік құрамы және тұқымдық материалдың тұқым инфекциясымен ластану дәрежесі анықталады, яғни тұқымдарға фитопатологиялық сараптама жүргізу қажет. Тұқымдардың фитосараптамасы препаратты дұрыс таңдап қана қоймай, сонымен қатар препараттарды саралап қолдануға мүмкіндік береді, яғни қорғау құралдары жетіспеген жағдайда, тұқымдардың ең жоғары дәрежеде залалданған партияларына назар аударып, қорғау құралдарын сол жаққа көбірек жұмсауға мүмкіншілік береді. Тұқымдағы инфекцияы анықтау арқылы аурудың себептерін түсіну және өсімдіктерді қорғауға арналған тиімді препараттарды таңдау арқылы өнімді сақтау; препараттардың тиімділігі туралы мәліметті негізге ала отырып тұқымдық материалдың әрбір партиясын өңдеу үшін тұқым дәрілеуші препарат пен оның дозасын таңдау; тұқымдардың өнгішітігі мен 1000 дәнінің саламағының нақты деректері негізінде тұқымдардың себу мөлшерін нақтылауға болады; өсімдіктің вегетациялық кезеңінде аурулардың дамуын болжауға мүмкіншілік береді. Тұқымдық материалға фитосараптама жасаудың нәтижелері бойынша тұқым партиясын тұқымдық мақсатта пайдалану мүмкіндігі және дәрілеу қажеттілігі туралы қорытынды жасалады. Тұқым партиясының құрамында қатты және тозаңды қаракүйе қоспалары және өскін мен тамыр ауруларын қоздыратын ішкі инфекциясы болмауы керек. Сыртқы инфекция 30%-дан аспауы керек.
Тұқымдардың инфекциясын анықтау арқылы, аурудың себептерін түсіну және өсімдіктерді қорғауға арналған тиімді препараттарды таңдау арқылы өнімді сақтауға, инвестицияларды қайтаруға және қосымша пайда табуға болады. Тұқымның фитоcараптамасы тұқымды бақылаудың элементтерінің бірі болып табылады және маңыздылығы жағынан өсу энергиясын және басқа да шаруашылық көрсеткіштерді анықтау сияқты сараптамалардан кем емес. Фитосараптама тұқымдарды инфекцияға шалдығу дәрежесін анықтауға және тұқымды себу алдындағы дәрілеуші препараттармен өңдеу жүргізу және дәрілеуші препаратттарды таңдауда дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Ж. Жиембаев атындағы өсімдіктерді қорғау және карантин ҒЗИ мамандары бірнеше жыл қатарынан тұқымдардың паразитті және сапрофитті инфекциялармен залалдану деңгейін анықтау үшін фитосараптама жүргізіп келеді. Біз шаруларға тұқымдарды сараптамаға жіберуді ұсынамыз, себебі тұқымның фитсанитарлық жағдайы туралы мәліметтер, өнімнің түсімділігін арттыру шараларын және тұқымдарды сеппес бұрын өнімнің түсімділігінің төмендеуін болжауға болады.
Аурулар мен зиянкестерге қарсы тиімді биологиялық әсерге қол жеткізу үшін преапараттардың тиімділігінің жоғары және құрамының жақсы болуы жеткіліксіз, одан бөлек тұқым дәрілеуші препарат бірқатар қасиеттерге ие болуы керек ол — ұсынылатын шығын мөлшері, яғни тұқымның белгілі бір көлеміне қажетті тұқым дәрілеушінің мөлшері дәл сақталуы керек; препарат әр дәннің бүкіл бетінде біркелкі таралуы керек; тұқымдәрілеушінің құрамындағы жабысқыш заттың тұқымдарды сақтау, қаптау, тасымалдау және себу сияқты механикалық әрекеттерден кейін де белсенді заттың барлық дозасын сақталуы мінсіз өңдеу технологиясы үшін қажет.
Тұқымдарды өңдеудің сапасына әсер ететін маңызды құрамдас бөліктеріне тұқымдық материалдың күйі, преапараттың сипаттамасы мен оның препаративті формасы тұқым өңдеу қондырғысының (тұқым өңдеу машинасының) өнімділігі және персоналдың біліктілігі кіреді. Сапалы тұқым өңдеудің барлық аталған компоненттердің (сапалы тұқым материалы, тұқымды өңдейтін препарат және оның құрамы, персонал) дұрыс үйлесіп, оны білікті мамандар жүргізген жағдайда ғана мүмкін болатынын атап өткен жөн.
Тұқымның сапалы өңделуін қамтамасыз ету үшін тұқым келесі қасиеттерге ие болуы керек: дақылдардың түрлері мен сорттары бойынша таза болуы; МЕМСТ талаптарына толық сәйкес келуі; өсу энергиясы мен танаптық өнгіштігі жоғары болуы; тұқымның ылғалдылығы 14-16% аспауы керек; механикалық зақымданудың және микрожарықтардың болмауы; тұқымдар мөлшері мен пішіні бойынша калибрленген болуы шарт. Нашар тазартылған материалда препараттың 30% дейін мөлшері семген дәндерде, дәнді және арамшөп қоспаларына және тозаңға шөгеді. Шаң-тозаң, тұқымдық партиядағы мөлшеріне байланысты, препараттың 3-тен 20% -ға дейінін сіңіре алады. Қазақстанда шаң-тозаңның мөлшері стандартталмаған, бірақ Еуропа үшін бұл критерий 5 г/100 кг немесе 50 г/тонна тұқым.
Дәрілеу процесінде әрбір дәнге 1/2000-1/10000 мл шегінде препараттың аз мөлшерін қолдану керек. Сондықтан көлемдік массасы мен 1000 дәннің саламағы неғұрлым жоғары болса, фунгицидті қатаң белгіленген мөлшерінде әрбір дәнге препараттың жұғу мүмкіндігі жоғары. Ұсақ бөлшектердің салыстырмалы бетінің ауданы үлкен, соның салдарынан препарат осы бөлшектермен көбірек байланысады да, дәнге аз мөлшері түседі. Мысалы, өңделмеген тұқымдық материалда аз мөлшерде шаң мен дән қалдықтары байқалмайды. Өңделген тұқымдарда, дұрыс өңделмеген дәндердің арасында шаңнан және дәрілеуші препараттан түзілген қатты боялған түйіршіктер көрінеді. Таза тұқымдар, керісінше, жақсы дәріленеді. Арпаны дәрілеу кезінде қылқандары алдын-ала алу маңызды, өйткені олар жеткілікті түрде жойылмаса, тұқымның негізгі массасы артады, бұл бүкіл партияның жеткіліксіз өңделуіне әкеледі, өйткені препараттың тұтыну нормасын есептеу тұқымның салмағына негізделген. Сонымен қатар, арпаның дәрілеуде тағы бір тұсын ұмытпау керек. Қылқандарын жою кезінде арпа гүлінің қабыршақтарының сақталуына назар аудару керек, өйткені ашық дәндер қабыршақтары алынбаған тұқымдарға қарағанда препаратты айтарлықтай көп жинайды. 1000 дәннің салмағы мен көлемдік салмағы төмен тұқымдардың өңдеу сапасы ғана емес, сонымен қатар олардың сусымалдығы да нашарлайды. Бұл әсер дұрыс қалыптаспаған тұқымдардың беті кедір-бұдырлы болуының салдарынан және ылғалды жолмен өңдеу барысында суды аз мөлшерде қолданған кезде күшейе түседі. Осыған байланысты кейбір жағдайларда тұқымдарды себу кезінде тұқым сепкіш машиналардың құбырлар арқылы тасымалдау кезінде қиындықтар туындауы мүмкін. Сондай-ақ сепкішті нақты осы өңделген тұқымдардың партиясының себу мөлшеріне лайықтап реттеу және себу кезінде себу мөлшерін бақылау отыру маңызды. Стандартты емес тұқымдық материалды өңдеудің жағымсыз салдарын болдырмаудың ең сенімді жолы ол дәнді дақылдарды жинау кезінде бастыру машанинасын дұрыс реттеу және ең бастысы өңдеу алдында тұқымдарды мұқият сұрыптау және тазалау.
Ауыл шаруашылығында көптеген әсер етуші заттар: тебуконазол, ципроконазол, дифеноконазол, тритиконазол және т.б. негізіндегі тұқым дәрілеуші препараттар қолданылады. Бір белсенді зат негізіндегі препараттардың әрекет ету диапазоны тар, сондықтан біріктірілген, көп компонентті препараттар жиі қолданылады.
Дәрілеуді тұқымдарды себерден алдын-ала немесе тура себер алдында, ал биофунгицидтерді сол күні не 2-3 күн бұрын жүргізген дұрыс.
Тұқымның дәрілеудің сапасының жоғары болуын қамтамасыз ету үшін тұқымдық материалдың сорттық тазалығы кемінде 98,8%, өнгіштігі кемінде 95%, бөгде қоспалар мейлінше аз, дәннің ылғалдылығы 14-16% аспауы керек. Тұқымдәрілеуші препаратардың тұтынудың ұсынылатын мөлшерлерін төмендетуге болмайды. Тұтыну нормасын 10-15%-ға төмендету дәрілеудің тиімділігін күрт төмендетеді, патогенді популяцияға бейімділіктің қалыптасуына ықпал етеді.
Қазір қазақстандық нарық фунгицидтік препараттардың ауқымды спектрін ұсынады. Бұндай алуан түрлі ұсыныстардан өндірушіге дұрыс таңдау жасау кейде қиынға соғады. Агроном үшін фунгицидтерді қолданудың беріктікке қарсы стратегиясын есте сақтау маңызды. Ол үшін препараттарды таңдағанда екі немесе үш әсер ету заты бар препараттарды таңдаған дұрыс. Бұл препараттар негізінен өсімдік ауруларына қарсы қолданылып, олардың өсуін тежейді немесе жояды.
Фунгицидтер топтарындағы препараттар дақылдардың ауруларына қарсы тиімділігіне байланысты әртүрлі қолдану жағдайларына арналған.
Әсер ету сипаты бойынша тұқымдәрілеуші пестицидтерді үш негізгі топқа бөледі. Жанаспалы әсерлі дәрілеуіштер-бұл тұқым бетінде ұзақ уақыт сақталуға қабілетті немесе тұқымның беткі қабаттарына еніп, ауру қоздырғыштарының тұқымның ішіне енуіне жол бермейтін оқшаулы профилактикалық әрекетті препараттар. Жүйелі әсерлі дәрілеуіштер- тұқымға терең еніп, тұқымның, топырақтың және ауа-тамшылы инфекцияларға қарсы ұзақ әсер ететін қасиеттері бар пестицидтер.
Инсектицидті тұқымдәрілеуіш препараттар: тұқымның инсектицидті дәрілеуіштер сым құрттарына, өскін зиянкестеріне, бүргелерге, шыбындарға (2-3 апта дейін), цикадкаларға, сүлікшеқоңыздарға, егеуіштерге (имаго) және т.б. қарсы қолданылады. Олар егіс кезінде және жаздың басында техникалық құралдарды тиімді пайдалануға көмектеседі, сонымен қатар ауа райының күрт жылыну кезінде және өсімдік тамырлары мен өскіндерде зиянкестер санының тез көбеюі кезінде егінді сақтайды. Инсектицидті тұқымдәрілеуші преапарттардың әсер ету ұзақтығы препараттардың сапасынан бөлек, жауын-шашын мөлшеріне де байланысты.
Соңғы кездерде тұқымдәрілеуші преапарттарды өндірушілер инсектофунгицидті препараттарды кеңінен ұсынуда. Бұл екі түрлі функцияны атқаратын химиялық қосылыстар. Олар бір уақытта инсектицид (зиянкестерге қарсы) және фунгицид (өсімдік ауруларына қарсы) ретінде әрекет етеді. Мұндай препараттар көбінесе көп функциялы болып келеді, яғни олар өсімдікті зиянкестерден және аурулардан бір мезгілде қорғауға мүмкіндік береді. Бұл қорғау құралдары ауыл шаруашылығында өте тиімді, өйткені фермерлер бір уақытта екі маңызды мәселені шешеді. Кейбір өсімдіктерге бір уақытта зиянкестер мен саңырауқұлақтардан болатын аурулар әсер етуі мүмкін. Инсектофунгицидтер осындай жағдайлар үшін тиімді. Зиянкестер мен аурулардың бір мезгілде пайда болуы өнімділікке үлкен зиян келтіруі мүмкін. Инсектофунгицидтер сол зиянды факторлардың әсерін азайтады, әрі дақылдардың сау өсуін қамтамасыз етеді. Бұл препараттар әдетте төмен дозада қолданылып, сол арқылы фермерлердің шығындарын азайтады. Бұдан басқа, әртүрлі химиялық препараттарды қолдануды азайтады, яғни экологиялық тұрғыдан да тиімдірек.
Биологиялық дәрілеуші преапараттар: тамыр шірігінің дамуы төменгі дәрежеде (сыртқы инфекция 20%-ға дейін) және себу материалында қаракүйе спораларының болмаған жағдайында химиялық препараттарға қарағанда 5-10 есе арзан, тиімді және қоршаған ортаға қауіпсіз биологиялық препараттарды (мысалы, экстрасол) қолдануды ұсынамыз. Биофунгицидтер сол күні немесе себуден 2-3 күн бұрын қолданылады.
Биологиялық дәрілеуіштердің заттарды қолданудың жағымды жақтарына олардың салыстырмалы арзандығы және жылы қанды жануарлар үшін уыттылығы төмен. Дегенмен, биологиялық препараттардың белсенділігі төмен, олар ішкі инфекцияларға және ең алдымен қаракүйе ауруларына тиімсіз.
Тұқымдардың өнгіштігін төмендетуін болдырмау үшін тұқымдарды себу алдында өңдеудің шектік мерзімін анықтау қажет. Өңдеу әдісі препараттың түріне, тұқымдық қасиеттерге және қоздырғыштың биологиялық ерекшеліктеріне байланысты таңдалады.
Құрғақ өңдеу немесе тозаңдау әдісі — тұқымның бетіне құрғақ ұнтақ түріндегі препараттармен өңдеу. Технологиялық тұрғыдан алғанда бұл әдіс қарапайым, бірақ бірқатар кемшіліктері бар. Жабысқақтыңы төмен болғандықтан ұнтақтың айтарлықтай бөлігі өңдеу, тасымалдау және себу, отырғызу кезінде жоғалады. Құрғақ химиялық заттар белсенді түрде шаң сияқты бұрқырап, адамның улану және қоршаған ортаның ластану қаупін арттырады.
Жартылай құрғақ өңдеу — суспензияларды немесе ерітінділерді өңдеуден соң кептірусіз қолдану. Бұл әдісте еңбек көп жұмсалады, бірақ өсу стимуляторлары мен тыңайтқыштарды қоспаға енгізуге мүмкіндік береді. Бұған жабысқыш және пленка (үлбір) түзгіш препараттармен өңдейтін – тұқымдардың инкрустациясы да жатады. Оларды пайдалану әлдеқайда үнемді, әсіресе тегіс беті бар тұқымдарда (жүгері немесе бұршақ). Жартылай құрғақ өңдеудің тағы бір нұсқасы — тұқым түйіршіктері (дражирование). Бұл жағдайда пестицидтер, өсу үдеткіштері және тыңайтқыштар сазды минералдарымен қоспада қолданылады.
Дымқылды өңдеу — тұқымдық материалдың ылғалдылығын айтарлықтай арттыруды қамтамасыз етеді. Эмульсияға, ерітіндіге немесе суспензияға малынғаннан кейін тұқымдарды ұзақ уақыт кептіру қажет. Бұл әдіс адам күшін көп қажет етеді, бірақ биологиялық белсенділігі жоғары.
Термиялық зарасыздандыру кезінде тұқымдарды 45-47°С t суда 2-4 сағат ұстайды, содан кейін кептіреді.
Біздің өңірлерде негізінен дымқылды өңдеу әдісі кеңінен қолданылады.
Тұқымдарды үлбір түзетін қосылыстармен өңдеу технологиясы препараттың тұқымның бетіне мықтап жабысуына мүмкіндік береді және оны өңдеу, сақтау, тасымалдау және себу кезінде үгітіліп кетуден сақтайды. Суда еритін үлбір түзетін полимерлердің ішінде ең жақсылары натрий карбоксиметил целлюлозасы (NaKMC) және поливинил спирті (ПВА). Үлбір түзетін қосылыстардың ұсынылатын тұтыну нормасы тұқымның ылғалдылығын 0,6-1%-ға арттырады, сондықтан ылғалдылығы белгіленген мәннен 0,9-1,1%-ға төмен тұқымдар алдын ала өңделеді. Үлбір түзетін жұмыс сұйық сақтау кезінде бірте-бірте тұнбаға түседі, сондықтан сұйықтықты қолданар алдында араластыру керек.
Тұқым дәрілеуші ертіндіге өсу үдеткіштері қосу — ол дақылдардың өсу энергиясын және өсімдіктердің танаптық өнгіштігін арттыру, аяз бен ыстық ауру райына төзімділігін арттыру. Көптеген зерттеушілер өсу реттегіштерін тұқымдық дәрілеуіштермен қорғаныш және ынталандырушы композициялар түріндегі біріктіріп қолдану ең ұтымды және сенімді тәсіл деген қорытынды жасаған. Өсу реттегіштері қоршаған ортаның қолайсыз температураларында өсімдіктерге стресстік жағдайларды әсерін азайтуға мүмкіндік береді Мұндай композициялардағы өсуді реттегіштер фунгицидтің тұқымға енуін күшейтеді және өсу энергиясы мен өнгіштігіне, өсімдіктің өсуіне жақсы әсер етеді. Кейбір препараттар — иммундық жүйені ынталандырып және соның әсерінен өсімдік ауруларға беріктігі артады.
Тұқымды қорғаныш-ынталандырушы қоспалармен сауықтырудың маңыздылығы. Қорғаныш ынталандырушы қоспалар — бұл құрамында химиялық немесе биологиялық препараттар, дәрумендер, микроэлементтер, органикалық тыңайтқыштар, өсу реттегіштері мен үдеткіштер болады. Бұл қоспалар негізінен өсімдіктердің иммунитетін күшейтеді, тұқымның себу сапасын жақсартады (тұқымның өсу энергиясын және өнуін, тамыр жүйесі мен өркеннің өсу қарқындылығын ынталандырады). Сыртқы және ішкі тұқымдық инфекцияларды және топырақ зиянкестерінің өскіндерді зақымдауын айтарлықтай тежейді. Тұқым арқылы таралатын аурулардың пайда болуын болдырмайды, олардың бүкіл вегетациялық кезеңінде зияндылығын азайтады. Дақылдардың құрылымдық көрсеткіштеріне оң әсер етеді, өнімділіктің 30%-ға дейін артуына мүмкіндік береді. Қорғаныш және ынталандырушы қосылыстардың құрамындағы препараттардың бекітілген ережелерінің стандарттарын азайту арқылы қоршаған ортаға пестицидтік жүктемені азайтуға мүмкіншілік береді.
Ауру қоздырғыштармен (сыртқы инфекция 30%-ға дейін) төмен дәрежеде залалданған тұқымдар биологиялық препараттармен немесе химиялық заттардың жарты дозасы мен биофунгицидтің толық дозасының қоспасымен өңдеуге болады. 30% -дан астам залалданған тұқымдар жоғары дәрежеде залалданған болып саналады және екі және үш компоненттілерге артықшылық бере отырып, тек химиялық препараттармен дәріленеді. Дәрілеуді тұқымдарды себерден алдын ала немесе тура себер алдында, ал биофунгицидтерді сол күні не 2-3 күн бұрын жүргізген дұрыс.
Өңдеу жұмыстарына дайындықты бастаған кезде ауа-райы мен климаттық жағдайларды да ескеру қажет. Осылайша, динконазол-М, тебуконазол, тритиконазол негізіндегі триазол тобының препараттары белгілі бір жағдайларда (топырақтың төмен немесе жоғары ылғалдылығы, тұқымдарды орналастыру тереңдігі және т.б.) өскіндердің шығуын кешіктіруі мүмкін. Тұқымдардың дәрілеу сапасын визуалды бағалау кезінде тұқымдардың біркелкі боялынуына назар аударған жөн. Тұқымдарды өңдеудің сапасы үш көрсеткішпен анықталады: 1. тұқымды өңдеудің толыққандылығы, 2. препараттардың тұқым бетіне таралуының біркелкілігі, 3. ұсталу дәрежесі.
Қорыта келгенде сапалы дәрілеуді қамтамасыз ету үшін тұқымдар дақылдардың түр және сорттары бойынша 98,8% таза, мөлшері мен пішіні бойынша калибрленген, қазіргі МЕМСТ талаптарына толық сай болуы, өну энергиясы мен егістіктің өнгіштігі 92,0% жоғары, тұқымның ылғалдылығы 16%-дан аспауы, механикалық зақымданулар мен микрожарықтар болмауы керек. Сонымен қатар массасы неғұрлым аз болса, соғұрлым бетінің ауданы және салмағы бірдей тұқымдар саны артады. Егер тұқым партиясында массасы әртүрлі тұқымдар болса, мұндай тұқымдарға препаратардың жайылуы біркелкілігі айтарлықтай ерекшеленеді. Өңдеу сапасыз жүргізілген жағдайда тұқым дәрілеуші преапараттың биологиялық тиімділігі айтарлықтай төмендейтінін ескерген жөн.
Автор:
Копирова Гүлсім Исламқызы
Ж. Жиембаев атындағы Өсімдіктерді қорғау және карантин ҒЗИ өсімдіктерді біріктірілген қорғау бөлімінің ғылыми қызметкері





