Салтанатты рәсімде облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев орталықтың болашақтағы маңызына тоқталды.
«Бүгін біз архитектура мен табиғатты, естелік пен құрметті тоғыстыратын кеңістіктің негізін қаладық. Бұл орталық жаңа мегаполистің дамуының бір бөлігіне айналып, жайлы қала ортасы мен ашықтықты үйлестірмек. K Park тұрғындар мен қонақтар үшін тартымды орын болып, қоғамдағы үйлесім мен өзара құрметті нығайтады», – деді аймақ басшысы.
K Park жеке инвестиция есебінен Golden District аймағында салынуда. 10 гектар аумақты қамтитын кешенде демалыс аймақтары, этномәдени кеңістіктер, кітапхана, мұражай, балалар алаңдары, жазғы кинотеатр, қысқы мұз айдыны мен спорттық жолдар қарастырылған. Негізгі нысан – «Алғыс монументі». Ол қазақ халқының тарихи кезеңдерде қоныс аударушыларға көрсеткен қамқорлығы мен бауырмалдығының белгісі болмақ.
Сонымен қатар тарихи реконструкция аймағында дәстүрлі корей үйі – ханок тұрғызылып, «Коре сарам» интерактивті алаңы арқылы келушілер корей қауымының тарихы мен мәдениетімен таныса алады. Мамандардың болжамынша, парк жылына 3,5 миллионға дейін адамды қабылдай алады. Инфрақұрылымында автотұрақ, фудкорттар, электромобильдерді қуаттау бекеттері мен намаз оқитын орындар қарастырылады. Ал архитектуралық шешімдердің дәстүрге сай болуын Оңтүстік Кореядан келген зерттеу тобы қадағалайды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов та жобаның мәнін ерекше атап өтті.
«Бүгін біз адамдардың, мәдениеттердің және ұрпақтардың бірлігін бейнелейтін іргетас қаладық. Бұл парк тарихи тамыр мен өзара құрметтің маңызын еске салып тұрады», – деді ол.
K Park-тың ашылуы 2027 жылдың күзіне жоспарланып отыр.





