Андрей Воробьёв өз сөзінде Мәскеу және Алматы облыстарының экономикалық құрылымы ұқсас екенін атап өтіп, сауда, қызмет көрсету және логистика салаларындағы бірлескен жобалардың маңызына тоқталды. Сондай-ақ ол Мәскеу облысының қазақстандық кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын жеткізді.
Форум аясында Мәскеу облысы мен Алматы облысының арасындағы ынтымақтастықты дамыту жөнінде меморандумға қол қойылды.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Подмосковьеде жүзеге асып жатқан қарқынды өзгерістерге оң бағасын беріп, тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті. Әкімнің айтуынша, қазақстандық кәсіпкерлердің Мәскеу облысына, ал ресейлік кәсіпкерлердің Алматы облысына инвестиция салуға қызығушылығы артып отыр.
Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев екі ел арасындағы 7 мың шақырымнан асатын ортақ шекараның әлеуетіне тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан Еуразиядағы ірі логистикалық хабқа айналуды көздеп отыр, ал Мәскеу облысындағы «Селятино» көлік-логистикалық орталығы бұл бағытта маңызды рөл атқарады.
Форум барысында Мәскеу облысының «Славтранс-Сервис» компаниясы мен қазақстандық серіктестер – «KTZ-Express» және «ТЛЦ Алатау» арасында үшжақты келісімге қол қойылды. Жоба аясында Алматы облысында 75 гектар аумақта агрохаб салынбақ. Онда контейнерлік терминал, қоймалар, кедендік аймақ және ірі көтерме-тарату орталығы қарастырылған.
Бұл бастама Ресей мен Қазақстан арасындағы өзара сауда айналымын арттырып қана қоймай, Орталық Азия нарығына шығуға жаңа мүмкіндіктер береді деп күтілуде.





