Тәртіп сақшыларының айтуынша, апат жиі орын алатын учаскелерде қозғалыс жылдамдығын шектеу үшін жолды тарылту сияқты әдістер қолданылуда. Мұндай шаралар көлік апаттарының алдын алуға бағытталған, себебі жол-көлік оқиғаларының көпшілігі жылдамдық режимін сақтамаудан туындайды.
Сонымен қатар профилактикалық жұмыстарға жедел медициналық жәрдем қызметкерлері де тартылған. Ыстық күндері жүргізушілердің денсаулығына, әсіресе жүрек-қан тамыр жүйесіне қатысты қиындықтар туындауы мүмкін. Дәрігерлер қажет болған жағдайда көмек көрсетіп, жүргізушілердің жағдайын бақылайды.
Полицейлер жүргізушілермен әңгімелесіп, олардың хал-ахуалын, шаршау деңгейін анықтайды. Әлсіздік немесе шаршау белгілері байқалса, көлікті тоқтатып, демалуға кеңес береді және жолда барынша мұқият болуды ескертеді.
«Жазғы маусымда көлік қозғалысы артып, ағзаға түсетін салмақ та көбейеді. Сондықтан құқықбұзушылықтардың алдын алу және жүргізушілердің денсаулығына назар аудару ерекше маңызды», – деді ведомство өкілдері.





