Жоба Халықаралық көші-қон ұйымының (ХКҰ) «Орталық Азиядағы еңбек көші-қоны бағдарламасы (1-фаза)» аясында жүзеге асырылуда. Қаржыландыруды Швейцарияның даму және ынтымақтастық агенттігі (SDC) қамтамасыз етеді. Сонымен қатар бастаманы Алматы облысы әкімдігі мен өңірлік Еңбек мобильділігі орталығы да қолдап отыр.
Орталықтың басты мақсаты — шетелде заңды, қауіпсіз және нәтижелі еңбек ету үшін қажетті білім мен дағдыларды азаматтарға үйрету. Оқу бағдарламасы құқықтық және қаржылық сауаттылықты арттыруды, психологиялық бейімделуді, еңбек құқықтарын түсіндіруді, жұмысқа орналасу үдерісін үйретуді және мәдениетаралық коммуникация негіздерін қамтиды.
Мұнда сондай-ақ Ұлыбританиядағы маусымдық жұмыспен қамту сынды халықаралық бағдарламаларға қатысушыларды дайындауға арналған арнайы модульдер әзірленуде.
Қонаев қаласында Еңбек мобильділігі орталығы мамандарына арналған оқыту семинары өтті. Іс-шараға Ұлыбритания Елшілігінің экономика және климаттың өзгеруі бөлімінің жетекшісі Кэти Коттрелл, елшіліктің экономисі Бибігүл Жұмағужина және ХКҰ бағдарламасының ұлттық үйлестірушісі Светлана Бекмамбетова қатысты.
Семинар барысында маусымдық жұмыс бағдарламаларына дайындық, қаржылық сауаттылықты арттыру және еңбек миграциясы кезінде туындайтын мәселелерді шешу жолдары талқыланды.
Орталықтың құрылуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында айтылған Ұлттық көші-қон саясатының негізгі міндеттерімен толық сәйкес келеді. Жолдауда шетелдегі азаматтардың құқықтарын қорғау, мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру және ұлттық мүдделерді халықаралық деңгейде ілгерілету қажеттігі баса айтылған.
PDO орталығының ашылу салтанатына Алматы облысы әкімінің орынбасары, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің өкілдері, облыстық жұмыспен қамту басқармасының басшылығы, сондай-ақ ХКҰ-ның Қазақстандағы миссия жетекшісі Серхан Актопрак пен субөңірлік еңбек көші-қоны жөніндегі маман Герелтогтох Ганбат қатысты.
Шара барысында қатысушылар бұл бастаманың Орталық Азия үшін маңыздылығын атап өтіп, мұндай орталықтардың еліміздің басқа өңірлерінде де құрылуы қажет екенін айтты.
Қонаев қаласындағы Алдын ала дайындық орталығы — еңбек мигранттарын қолдауға арналған инфрақұрылымның маңызды буыны. Ол еңбек көші-қонының қауіпсіз әрі тұрақты жүйесін қалыптастыруға үлес қосады.
Азаматтарды сапалы даярлықтан өткізу арқылы бұл бастама еңбек миграциясына байланысты тәуекелдерді азайтып, қазақстандықтардың халықаралық еңбек нарығына бейімделуіне көмектеседі. Алдағы уақытта орталықтың оқу бағдарламасын кеңейту, жаңа халықаралық серіктестерді тарту және цифрлық сүйемелдеу құралдарын енгізу жоспарланып отыр.





