Нафиса ел шығысындағы бір ауылда білім алады. Оның бұл ісін әпкесі мен анасы ғана біледі. Нафисаның бауыры – тәліп.
«Ол біліп қойса, мені ұрады. Мен бауырымның дін туралы қойған сұрақтарына жауап беру үшін медресеге де оқуға барамын. Ол жақта мен түске дейін білім алам. Бауырыма күдік тудыратындай ешқандай себеп бермеуге тырысамын. Ол менен кез келген нәрсені сұрап, сұрақтың астына алады. Медресеге бармасам, сұрақтарына жауап бере алмай қаламын, сосын ол бәрін біліп қояды», — дейді оқушы қыз.
Бұл мектепті өз үйінен Тамкин (есімі өзгертілген) ашқан. Тәліптер билікке келген соң 40 жастағы әйел білім министрлігіндегі жұмысынан айырылған. Тамкин қыздарға оқулық сатып алу үшін сиырын сатқан. Оның сабақтарына (ол ағылшын тілінен және жаратылыстанудан сабақ береді) 20-дан астам қыз қатысады.
«Мен бұл қыздардың менің тағдырымды қайталағанын қаламадым. Олардың болашағы бұлыңғыр болмауы керек. Қазір кәмелет жасына толмаған көп қыздар тұрмысқа шығуға мәжбүр. Менің де басымнан осы жағдай өткен. Ол кезде мен 12 жаста едім. Білім алу үшін көп күш жұмсадым», — дейді Тамкин.
Тәліптер билікке қайта ие болған соң ауған қыздары білім алу мүмкіндігінен айырылған. Бірақ, олардың оқуға құштарлығы азаймады, сол үшін қыздар басын бәйгеге тігіп, тәуекелге жиі барады.