Рахметжан Хамраев ауыр атлетикамен 2012 жылдан бастап айналыса бастаған екен. Содан бері Азия ойындары, Әлем және Қазақстан чемпионаттарына қатысып, бірнеше рет әлем рекордын жаңартқан.
«Пауэрлифтингпен 2012 жылдан бастап айналысамын. Спортқа әкем әкелді. Бірден келісе кеттім. Бойымдағы мүгедектікке мән бермедім. Ел қатарлы жаттығып, түрлі чемпионаттарда (Азия ойындары, Әлем және Қазақстан чемпионаттары) жүлделі болдым. Парижде өткен жазғы Паралимпиадаға да қатыстым. Бірнеше рет әлем рекордын жаңарттым. 206 келі салмақтағы штанганы көтеріп, бір белесті бағындырдым. Бұл мен үшін үлкен жетістік», – деді спортшы.

Сонымен қатар, ол жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Қандай жағдай болса да, адам өзінен-өзі ұялмауы тиіс екенін алға тартты.
«Балаға тәрбие беру үшін ата-анасы үлгілі болуы қажет. Олар естігенін емес, көргенін істейді. Өзім секілді мүгедектігі бар жандарды, жалпы жастарды спортпен айналысуға шақырамын. Қандай жағдай болмасын, жаттықтырушылар қолдау көрсетеді. Адам өз-өзінен ұялмауы тиіс. Сонда ғана биіктерді бағындырады», — деді ол.





