Кешке көрнекті мәдениет қайраткерлері, өнерсүйер қауым және қазақ халқының дәстүрі мен бірегейлігін бағалайтын жандар жиналды.
Мәдениет үйі лық толды – көрермендер бірнеше ұрпақтың жадында сақталған әуендерді қайта тыңдауға асықты. Іс-шара аясында композитордың Мемориалдық музейінен алынған көрме ұсынылды. Онда Нұрғиса Тілендиевтің қолжазбалары, жеке заттары, фотоматериалдар және залды қазақ рухымен тербеген аңызға айналған домбырасы қойылды.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев кеш барысында:
«Ұлы тұлғаларды ұлықтау – біздің парызымыз. Мәдениетімізді қолдап, келер ұрпаққа жеткізсек қана ол мәңгі жасайды, – деп атап өтті. Сонымен қатар, жыл бойы өңірде мерейтой аясында бірқатар шаралар өтетіні белгілі болды. Олардың қатарында ескерткіштер орнату, мемориалдық орындарды қалпына келтіру, оның есімін қоғамдық нысандарға беру жоспарланған».
Концерттік бағдарламада әрбір қазақстандықтың жүрегіне жақын шығармалар шырқалды. «Алтынай» мемлекеттік халық би ансамблі көркем қойылымдарын ұсынып, «Үшқоңыр» ансамблі дала рухына толы күйлерді орындады. Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан құттықтау сөзін жолдап, композитордың қазақ аспаптық музыкасының дамуына қосқан өлшеусіз үлесін ерекше атап өтті.
«Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығы ұлттық музыканы жаңа деңгейге көтеріп, қазақ күйінің қайталанбас үнін әлемге танытты. Оның туындылары – біздің мәдени мұрамыздың ажырамас бөлігі», – деді Отарбаев. Сондай-ақ, ЮНЕСКО-ның 2025 жылды Нұрғиса Тілендиев жылы деп жариялауы оның дүниежүзілік маңызын айғақтайтынын жеткізді.
Кеште Майра́мбек Беспаев, Тамара Асар, Айгүл Қосанова, Мадина Сәдуақасова, Мирас пен Құралай, Гүлнұр Оразымбетова сынды танымал орындаушылар композитордың музыкасына деген шынайы құрметін әндері арқылы жеткізді. Актерлер Ерлан Біләл, Еділ Рамазан және Ақбота Рахат Тілендиевтің өмірі мен тағдырына арналған өлеңдерді оқыды.
Кештің ерекше қонағы – композитордың қызы Динара (Дінзухра) Нұрғисақызы Тілендиева да іс-шараға қатысып, әкесінің мұрасын сақтауға және оны жаңа буынға жеткізуге деген жауапкершілігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ол 2009 жылдан бері Н.Тілендиев атындағы Мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері қызметін атқарып келеді.
Маэстроның музыкасы – қазақ халқының тірі тарихы. Оның «Аққу» күйі, «Құстар әні» мен «Махамбет» оркестрлік поэмасы әлі күнге өзектілігін жоғалтпай, тыңдарманын терең ойға жетелеп келеді.
Бұл кеш ұлы композитордың мұрасының мәні мен маңызын тағы бір мәрте дәлелдеп, оның шығармалары ұрпақтарды біріктіріп, туған жерге деген шексіз махаббат пен дала рухын жеткізіп жатқанын көрсетті.





