Қазір не белгілі:
Соңғы мәліметтер бойынша, өрт салдарынан 24 адам қаза тауып, тағы 16 адам із-түссіз жоғалған. Зардап шеккендердің нақты саны тергеушілер өрт болған аймақтарға қауіпсіз түрде кіргенде ғана белгілі болады.
Осы аптада Калифорнияда жел қайта күшейеді деп күтіледі. Құрғақ ауа мен ұзақ уақытқа созылған құрғақшылық жағдайында бұл өрттің таралуына күрделі әсер етуі мүмкін. Федерал төтенше жағдайлар агенттігінің бұрынғы басшысы Крейг Фьюгетс өрттің ауқымын Катрина дауылымен салыстырып: «Бұл оқиға қауымдастықты мәңгі өзгертеді. Оны бәрі «осыған дейін» және «осыдан кейін» деп еске алады» деді.
Өртті сөндіруге 931 тұтқын қатысып жатыр. Олар тәулік бойы жұмыс істеп, «өрт шебін кесіп» өтіп жатыр. Бұл үшін олар күніне 10 долларға дейін жалақы алады және әр жұмыс күні үшін жазасын өтеуден қосымша екі күн қысқартуға мүмкіндік алады. Оларды өртті сөндіруге Қылмыстық түзету департаменті тартып отыр.
Полиция зардап шеккен аудандарда тонаушыларды ұстауды жалғастыруда. Итон қаласында 25 адам, Палисейдсте 4 адам ұсталған. Округ шерифінің айтуынша, олардың кейбіреулерінде қару мен есірткі болған, ал көбі Лос-Анджелесте тұрмаған. Өткен аптада осындай 20 тұтқындау болған. Сондай-ақ, билік алаяқтық жағдайлары жиілеп кеткенін хабарлайды: зардап шеккендерден банк реквизиттерін беруді немесе апаттың салдарын жою үшін ақша аударуды сұрайды.
Өрттің шығу себептерінің бірі ретінде Альтаденадағы электр желісі тірегіндегі ақау қарастырылып жатыр. Куәгерлер түсірген бейнежазбаларға қарағанда, алғашқы өрт ошақтары дәл осы электр желісі маңында пайда болған. Қазір бұл жер толықтай жанып кеткен. Тергеушілер ол жерде жұмыс істеп жатыр және жергілікті тұрғындарды жақындатпай отыр. Southern California Edison компаниясы олардың тарату желілері өрт басталған уақыттан әлдеқайда бұрын тоқтатылғанын мәлімдеді. Тергеу жалғасып жатыр.